ҚОС ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҒЫН АРТТЫРАТЫН АУҚЫМДЫ ШАРА АБЫРОЙМЕН ӨТТІ

Қазақстан және Тәжікстан Республикалары арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Шымкентте Тәжікстанның мәдениет күндері өтті. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылаған болатын. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Көрме» орталығында өткен Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесіне арнайы қатысты. Делегацияны Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Хакимзада Құрбан бастап келді. Кәсіпкерлер қала тұрғындарына 189 тонна жеміс түрлері мен кептірілген жемістерді, 85 тонна бақша өнімдерін, 248 тонна көкөніс өнімдері мен 8 тонна бал ұсынды. Сонымен қатар 13 тонна өнеркәсіп өнімдерінің арасында газды және газсыз, энергетикалық сусындар, шырындар, консервіленген жемістер мен көкөністер, кондитерлік өнімдер бар. Жиын барысында сөз алған қала әкімі «Бүгінде Тәжікстан — Шымкенттің сенімді сауда серіктесі. Қаладан көрші елге өсімдік майлары, минералды тыңайтқыштар, макарон өнімдері, сабын, киім және де басқа тауарлар экспортталады. Экономикалық ынтымақтастық пен сауда қатынастарын кеңейту мақсатында біз инвестициялар мен өзара саудаға қатысты мәселелерді талқылауға дайынбыз. Бүгінгідей іс-шаралар ортақ келісімдерге жол ашып, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп санаймын» деп атап өтті.
Айта кету керек, Шымкентте сыртқы сауда айналымы соңғы 5 жылда 12 млн АҚШ долларынан 37 млн АҚШ долларына дейін 3 есе өскен. Алдағы уақытта сауда айналымын ұлғайтуда үлкен мүмкіндіктер бар. Елімізде тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Бүгінде екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп кооперациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне басымдық беріліп отыр.
Ауқымды шара тек ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесімен ғана шектелген жоқ. Жалпы Тәжікстанның мәдени күндері аясында тәжік халқының «Саразма признание» фильмі көрермендерге көрсетілді. Фильм авторы — Шавкат Мухаммади және Тохир Асрориён. Режиссеры — Рустам Сатторзода, оператор Шухрат Курбанов. Фильм көне Саразмның 5500 жылдығына арналған. Саразм – біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдықтардағы неолит, қола дәуірлерінің егіншілік, қала құрылысы және басқа да қолөнер мәдениеті туралы сыр шертетін үлкен ашық аспан астындағы мұражай. Ежелгі Саразм – шығармашылықтың, тарих пен өркениеттің, өнер мен сиқырдың, сондай-ақ адамзат тарихының көмескі тұстарының озық үлгілерін бейнелейді. Сондай-ақ Орталық Азия мен Таяу Шығыстың тарихы мен өркениетін ашық көрсетеді.
Бұдан кейін Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет және өнер күндері Шымкент қаласының Түркістан мәдениет сарайында жалғасып тапты. Жексенбілік өнер кешіне Тәжікстан Республикасының мәдениет министрі Зульфия Давлатзодамен бірге арнайы келген бір топ делегация өкілдері қатысты. Мерекелік кеште екі елдің ежелгі достығы мен бауырмалдығы құрметіне Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің ықылас гүл шоғы табыс етілді. Тәжік ұлттық киімімен мың бұрала би билеп, шығыс әуендерін әуелеткен концертте Тәжікстан Республикасының мәдениет және өнер жұлдыздары ән шырқады. Тәжіктің ұлттық аспаптары сырнай, дутар, танбур, рубаб пен дойраның сүйемелдеуімен дәстүрлі әндері орындалды. Сондай-ақ қазақ халқының алтын қорынан «Әгугай» әніне тәжік қыздары би билеп, эстрадалық әнші Бейбіт Қорғанның репертуранындағы «Шоқ қыздар» әнін өнер жұлдыздары жандыра, әрі қосыла орындап, сахна төрін шаттыққа көмкерді. Осылай өнер қайраткерлері әзірлеген мерекелік салтанатты кеш Шымкент жұртшылығына керемет әсерлі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар Түркістан сарайы фойесінде тәжік халқының шығармашылығы, ұлттық киімдері, тарихи фото туындылары көрмеге қойылды.