ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БІРЕГЕЙ ЖОБА ӨТТІ

30 тамыз — Конституция күніне орай, Шымкент қаласында «IQ zhastar» интелектуалды ойыны басталған болатын. Білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды даралайтын, интеллектуалды жастарды бір арнаға тоғыстырған бірегей жобаға барлығы 15 команда қатысты.

Шараның ашылу салтанатына қатысқан қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов бастаманың маңызына тоқтала келе «16 тамыз күні қала әкімінің төрағалығымен жастар кеңесі өткен еді. Сол жиында жастар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Қала әкімі жастардың ұсынысын қолдау бойынша басқармаға тапсырма берді. Осыған орай, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыра отырып, жаңа орта табуға көмектесу мақсатында интеллектуалды сайыс жүзеге асып отыр. Бұл сайыс білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды дайындайтын, жастарды бір арнаға тоғыстыратын бірегей жоба. Баршаңызды келе жатқан Конституция күнімен құттықтай отырып, жоба қатысушыларына сәттілік тілеймін» деп атап өтті.
Екі кезеңді қамтитын интеллектуалды сайысқа жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ, жас журналистер кәсіпкерлер мен блогерлер қатысты. Жобада үздік деп танылған жастарды, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Әбілхаиров мараппаттады. Нәтижеге келсек, І орын «Жайдарман жастары» командасына бұйырды. ІІ орынды «Әуезов құрамасы» еншілесе, үздік үштікті «А.Асқаров» командасы түйіндеді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұдан бөлек, 2-айналымға өткен қатысушылар да ынталандыру сыйлығына ие болды.