ЖИЫНДА ЖАЛАҚЫ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Жуырда кәсіподақ қайраткері Сатыбалды Дәулеталин «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС кәсіпорнының қызметімен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ мекемеге келген делегация құрамында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының кеңесшісі Біржан Нұрымбетов, «Шымкент қаласының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және Түркістан облысының «Құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» филиалының төрағасы Абдурайра Манахов болды.

Қонақтар Шымкент су арнасының тарихымен танысып, кәсіпорын мұражайын тамашалады. Мұнда Сатыбалды Дәулеталинге «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС дамуының негізгі кезеңдері туралы айтылды. Орталық диспетчерлік қызметте кәсіподақ қайраткерлеріне кәсіпорынның өндірістік тізбектері қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. Су өндіру және бөлу процестерін басқарудың, су балансын бақылаудың және гидравликалық модельдеудің озық әдістерін енгізу туралы айтылды. Сонымен қатар «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев кәсіпорын үшін маңызды тақырыпты көтерді. Бұл — қызметкерлердің жалақысының төмендігі, бұның салдары кадрлардың тұрақтамауына әкеледі. Әкімшілік жалақыны көтере алмайды, өйткені бұл процесті монополияға қарсы агенттік реттейді. Қазіргі уақытта кәсіпорын бойынша орташа жалақы 150 мың теңгеден сәл асады. Бұл — басқа коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге қарағанда әлдеқайда төмен және республика бойынша орташа жалақының жартысына тең.
Өз сөзінде «Қазір біз Қазақстанның өңірлеріне жұмыс сапарымен барамыз. Басты мақсат — жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу, еңбек жағдайларымен, түрлі саладағы қызметкерлердің жалақысының мөлшерімен танысу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері» деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.