ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Тамыз айында ең жасампаз да игі кәсіптің қызметкерлері – Қазақстан құрылысшылары өз кәсіби мерекелерін тойлайды. Осы тамаша мерекенің құрметіне «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек өңірдегі құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының құрамындағы «Ақ Ордасы» корпорациясының сала үздіктерін құттықтады.

Кәсіби мереке – адамдарды қажырлы еңбегі үшін марапаттау үшін жақсы оқиға. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек сала ардагерлері мен озаттарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға кәсіби шеберліктері, жауапкершілігі және жасампаз еңбектері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ құрылыс саласының қарқынды дамуына үлес қосып, шаһар экономикасын алға жылжытуда еселі еңбек етіп жүрген жерлестерге құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Абдурайра Манаховтың атынан 4 қызметкерге Алғыс хат табыс етілді. Сонымен қатар жиын барысында құрылыс саласындағы қауіпсіздік ережелері, еңбек шарттарының сақталуы мен еңбеккерлердің құқығының қорғалуы турасында түсіндірме жұмыстары да жүргізілді.
Айта кетейік, «Ақ Ордасы» корпорациясы – ірі тұрғын үй алаптары мен әртүрлі мақсаттағы салу мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыра отырып, оңтүстік өңірін дамытуға белсенді атсалысып отырған көпсалалы, жетекші құрылыс компаниясы. Корпорация өзінің көпжылдық қызметі уақытында 412 мың шаршы метрден астам тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық жылжымайтын мүліктерді пайдалануға берді. Жалпы алғанда, компания барлық мақсаттағы 100-ден астам жобаны жүзеге асырды. Қазіргі уақытта корпорацияның құрамына көптеген құрылымдық бөлімшелер мен еншілес ұйымдар кіреді. Соның арқасында бүгінде компания қабырғасында 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді.