ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сондықтан бүгінде әлем алпауыттарынан бастап жастардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасап келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Бүгінде әрбір облыста жастар орталықтары жұмыс істейді. Олар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасаумен қатар, өзекті мәселелерін шешуге де атсалысуда. Бүгінгі материалымызда сондай шаралардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Жалпы нашақорлықтың кеселі қоғамға ауқымды зардаптарын тигізеді. Бұл дерттің дендегені сонша, саналы ұрпақтың миын улап, әлеуметтік желілер арқылы зиянды заттарды тықпалайтындар болды. Сондықтан қоғам ретінде бұған қарсы тұруымыз тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осы мәселе турасында былай деген болатын «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын».
Осыған орай, шымкенттік жастар, қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен білесе отырып, қаладағы адамдар көп шоғырланатын орында профилактикалық шаралар өткізуде. Мәселен, шахардағы сауда нүктелерінде болып, есірткі заттарын насихаттау мен жарнамалаудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Түркістан және А.Байтұрсынов көшелері бойында адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық түрде әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертіп, жадынамалық парақшалар таратты. Еске сала кетейік, есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін кез-келген азамат заң аясында жауапкершілікке тартылады.