ТҮРКІСТАНДА ЗАҢСЫЗ ЖАНАРМАЙ ТАСЫМАЛДАЙТЫНДАР АЗАЙМАЙ ОТЫР

Түркістан облысында 4 тәулік ішінде жанармайды заңсыз тасымалдаған 150-ге жуық жүк көлігі анықталды. Облыста жанар-жағармайды заңсыз тасымалдауға жол бермеу, сондай-ақ рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын анықтау бойынша рейдтік шаралар жүріп жатыр.

Төрт күн ішінде 710 жүк көлігін тексеріп шыққан тәртіп сақшылары біршама заңсыздықтарды анықтады. Көлігіне қосымша отын бактарын орнатқан 150-ге жуық жүк көлігінің иесіне хаттама толтырып, әкімшілік шара қолданды. Тарқатар болсақ, рейд жұмыстарының барысында 63 жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен, яғни тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару бойынша хаттама толтырылды. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігімен 85 құқық бұзушыға әкімшілік шара қолданылған. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 590-бабының 8-бөлігімен, атап айтқанда, рейс алдындағы техникалық қарап-тексеруден өтпеу бойынша 5 жүк көлігіне де айыппұл салынса, 12 жүк көлігі айыптұраққа қойылған.

«Уақыт».