ЕЛІМІЗ АСТЫҚ ЭКСПОРТЫ БОЙЫНША КӨШБАСШЫЛАР ҚАТАРЫНДА
сарапшылар агросектор әлеуетіне
қандай баға береді?
Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбы жиі қозғалады. Бұдан бөлек, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары екені де көпке белгілі. Жауапты министрлік тарапынан қолға алынған шаралар да аз емес. Осы орайда, мұның қаншалықты нәтиже беріп жатқандығын халықаралық зерттеулер нәтижесі көрсетіп отыр. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарығын толық қамти ала ма? Нені дамыту керек? ТМД елдерінің жалпы көрсеткіші қандай? Саралайық…
Жуырда Еnergyprom.kz Еуразия даму банкі жүргізген кезекті зерттеу нәтижелерін жариялады. Аталған дерекке сенсек, еліміздің көрсеткіштері жаман емес. Атап айтар болсақ, ауылшаруашылық өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбінен азық-түлік тәуелсіздігі бойынша Еуразиялық аймақтағы көшбасшылар үштігіне кіреді. Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сынды 7 елдің көрсеткіштерін таразылаған сарапшылар Еуразиялық аймақ өзін-өзі қамтып қана қоймай, өзге елдердегі 155 млн адамды тамақтандырып отыр деген қорытындыға келді. Бұл дегеніміз аталған елдердегі азық-түлік қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейі 80-90 пайыз шамасында екенін көрсетеді. Тек кейбір жеміс-жидектер нарықтағы қажеттіліктердің 65 пайызын ғана қамтуы мүмкін. Дегенмен мұның артында аймақтың климаттық ерекшелігі тұр.
Ал жалпы қауіпсіздік деңгейі бойынша еліміз Ресей мен Беларусьтен кейінгі үшінші орынға жайғасқан. Ауыл шаруашылығы шикізатының барлық санаттары бойынша еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіші 80 пайыздан жоғары. Әйткенмен осал тұсымыз да жоқ емес. Ол – қант. Аталған тауар түрі бойынша өз қажеттілігімізді өтей алмаймыз. Сондықтан импортқа иек артудан басқа шара жоқ. Ал астық көлемі бойынша, керісінше, ішкі сұраныстан әлдеқайда артық өндіреміз. Бұл шамамен ішкі нарықтың 125 пайызын құрайды. Осының арқасында астық экспорты бойынша еліміз әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сонымен қатар картоппен қамтамасыз етуде Қазақстан аймақта 104 пайыз көрсеткішпен бірінші орында тұр. Көкөніс пен бақша дақылдары бойынша да шетке кіріптар емеспіз. Көрсеткіш 108 пайыз шамасында.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтері де осыған ұқсас. Ондағы дерекке сенсек, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігінің көрсеткіші шамамен 80 пайыз айналасында. Кейбір өнімдер бойынша тіпті өсім байқалды. Атап айтқанда, 2022 жылы Қазақстан қант өндірісін арттыра бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық қант қажеттіліктің 50,8% пайызын өтеген. Сәйкесінше, қалған 49,2 пайызы шеттен импортталған. Өз өндірісімізге байланысты әлі де жетіспейтін тауарлардың қатарында сүт өнімдері бар. Олардың орташа есеппен 15,4 пайызы басқа елдерден импортталады. Бұл жерде импортталатын негізгі сүт өнімдері йогурт, ірімшік секілді өңделген тауарлар екенін ұмытпағанымыз абзал.
Еуразия даму банкі сарапшылары өз баяндамасында әлемдегі инфляциялық үрдістерге орай, азық-түлік қолжетімділігінің қысқаруын ескере отырып, таяу жылдарда азық-түлік бағасының өсетінін болжады. Агроөнеркәсіп кешенінде ресурстық әлеуеті жоғары Қазақстан үшін бұл жаңа мүмкіндіктер ұсынуы мүмкін. Зерттеу авторларының пайымдауынша, еліміз ауылшаруашылық шикізатының әлдеқайда көп көлемін өндіріп, одан көп табыс таба алар еді. Жалпы Қазақстанның пайдаланылмаған экспорттық әлеуеті 41,2 пайызға бағаланады. Демек әлеует жоғары. Сарапшылардың пікірінше, азық-түлік – жаңа мұнай. Сондықтан оның экспортының саяси маңызы алдағы уақытта арта бермек.
Болашақтың ауыл шаруашылығы әлеуетін есептеу үшін зерттеу авторлары дамудың екі ықтимал сценарийін қарастырады. Біріншісі агроөнеркәсіптік кешен қазіргі кездегі үрдістер бойынша дамиды деп болжайды. Екінші сценарий – елдердің стратегиялық тұрғыдан қолға алатын шараларына байланысты болмақ. Бірінші сценарий бойынша Қазақстан 2035 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы ресурстарының құнын 43,8 пайызға арттырады. Ел өз нарығы мен экспорты үшін 4,6 млрд АҚШ долларының өнімін шығарады деп болжануда. Ұлттық бағдарламаларда алға қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болса, онда әлеует 2021 жылмен салыстырғанда 93,8 пайызға артып, 6,2 млрд АҚШ долларына жетеді. Бүгінгі таңда, Қазақстаннан экспорттан табатын табысының көбі астықтан түседі. Бұл ауыл шаруашылығы дақылының шетелге сату мүмкіндігі жақсы. Сәйкесінше, 2035 жылы 7 млн тоннадан 9,9 млн тоннаға дейін өсуі болжанып отыр. Май-тоңмай өнеркәсібі мен сүтті мал шаруашылығының экспортының әлеуеті айтарлықтай жоғары. Ал басқа өнімдер бойынша экспорт көлемін арттыра қоюы неғайбыл. Өйткені ішкі нарық үздіксіз өсіп отырады. Екіншіден, өмір сүру деңгейі мен өнімдердің экономикалық қолжетімділігі артады. Яғни ішкі сұраныстан артпауы ықтимал.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша әлеуетіміз жоғары. Әйтсе де оны айтарлықтай дамыта алғанымыз жоқ. Пайдалы қазбамен алысқа бармасымыз анық. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту ісіне айрықша көңіл бөлінгені қажет-ақ. Өйткені қазіргі геосаясаттың өзі Қазақстанға мол мүмкіндіктер ұсынып отырған тәрізді…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.