ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАУАРЛАР 106 ЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

өзге нарықтарға қандай өнім ұсынып жатырмыз?

Былтыр геосаясаттағы жағдайдың салдарынан логистикалық тізбек бұзылып, экономикада ауқымды мәселелер орын алды. Мұны әлем жұртшылығы айқын сезді. Ол қатарда қазақстандықтар да бар. Дегенмен нарық бір орында тұрмайды. Кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктер кезеңін тудырады. Мәселен, Қазақстан үшін жаңа нарықтар ашылып жатыр. Бұл мүмкіндікті қолданып жатырмыз ба? Отандық өніміміздің әлеуеті қандай? Тарқатайық…

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтқан дерекке сенсек, Қазақстан қазіргі таңда 106 елге өңделген өнім экспорттайды. Жалпы елімізде 2025 жылға қарай өңдеу өнімдерінің экспортын 41 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспары бар. Өткен жылы бұл көрсеткіш 26,5 млрд АҚШ доллары болған. Ал биылдың І тоқсанында өңделген өнімнің сыртқы саудасының көлемі 18,8 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша нәтиже өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға бірден өсті. Ал соңғы үш жыл ішінде 63 пайыз өсім көрсеткен. Осы кезең аралығында шикізаттық емес тауарлар экспорты 5,9 млрд АҚШ доллары болып, көрсеткіш 7,6 пайызға өскен.
Жауапты министрлік таратқан ақпарға сенсек, экспорттың өсуі, тауар позицияларының санын кеңейту есебінен де қамтамасыз етілді. Осы жылдың бірінші тоқсанында экспортқа жеткізілетін тауарлардың номенклатурасы 767 тауар позициясына ұлғайған. Қазіргі таңда экспорт географиясы да кеңейіп келеді. Осы жылы қазақстандық шикізаттық емес экспорт әлемнің 106 еліне жөнелтілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 елге көп. Өңделген тауарлардың негізгі импорттаушылары Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан болды. Вице-министрдің дерегінше, еліміз экспортқа мыс, мыс катодын, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдерін, күміс, ұн, мырыш, табиғи газ шығарады.

С.НҰРАЙ.