ОҢАЙ ЖОЛ – ОНЛАЙН ҚЫЗМЕТ

Соңғы уақытта елімізде цифрлық қызмет қоғам өміріне дендеп еніп барады. Бұрындары азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, ұзын-сонар кезекке тұрса, қазіргі таңда үйде отырып-ақ шаруасын бітіруде. Онлайн қызмет түрлерінің қатары да жыл өткен сайын толығып келеді. Мәселен, соңғы деректерге сүйенсек, 5 миллионнан астам қазақстандық автомобильдерді онлайн қайта тіркеу қызметін пайдаланған.

Ішкі істер министрлігінің онлайн-қызметтері смартфонда іске қосылған сәттен бастап оларды 7 млн-нан астам азамат, оның ішінде 5,3 млн автокөлік сатып алушылар мен сатушылар пайдаланған. Министрліктің дерегіне сенсек, жыл сайын автокөлікті сатып алу-сатуды рәсімдеу және қайта тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына шамамен 6 млн адам келеді. Өз кезегінде, кезек күту, көлік сатушысымен есеп айырысу үшін үлкен соманы алып жүру үлкен кедергі келтіретіні тағы бар. Осыған байланысты министрлік халыққа ыңғайлы болу үшін «Kaspi», «Halyk» және «Freedom» банктерінің мобильдік қосымшаларында автокөліктерді онлайн-қайта тіркеу бойынша сервисті іске қосқан. Бұл сервис сатушы мен сатып алушыға автокөлікке салықтар мен айыппұлдарды тексеру мен төлеуден бастап, мемлекеттік нөмірді, оның ішінде «әдемі» нөмірді, ХҚКО-ны таңдауға дейінгі қызметтердің тұтас циклын ұсынады.
Аталған қызмет түрлері алдағы уақытта өзге де қосымшаларда пайда болуы мүмкін. Яғни қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі осы қызметті «Centerсredit», «Eurasian Bank», «Bereke Bank» және «ForteBank» мобильдік қосымшаларына шығару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ғана емес, ведомство онлайн-сервистер арқылы автокөлікті бастапқы тіркеуді іске қосуды жоспарлап отыр. Мұның өзі жұмысты жүйелеп, азаматтардың уақытын үнемдеуге үлкен септін болары анық.
Н.НАМАЗ.