САПАЛЫ БІЛІМ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Қазіргі жаһандану кезеңінде жаһандық білім мен ғылымның маңызы айрықша. Әсіресе, қабілетті тұлғаның дамуына бағытталған білім беру мен тәрбиелеу мазмұнын қайта қарауды талап етеді. Соның ішінде сапалы білім алу мәселесінің мәні артып, оны жаңа сапаға көтеру – қоғамдық мәселеге айналуда.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесі міндеттерінің бірі: ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау және белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттілігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру» деп көрсетіледі. Ал бұл міндеттерді жүзеге асырудың шарттары ретінде оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу сияқты ауқымды мәселелер алынған.
Еңбек нарығында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы экономикасының дамуына өз үлесін қосатын адамгершілігі мол, жаңаша ойлайтын, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің басты ұстанымы. Колледждің мақсаты – айқын, болашағы – жарқын. Дәлірек айтқанда, академиялық адалдық ортасын құру және студенттермен бірлесе отырып жұмысты жандандыру, колледждің білім беру қызметіне модульдік және дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы сапасын арттыру, оқытушылар мен студенттердің ғылыми деңгейін, тиімділігін арттыру мақсатында халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыстыру, бүгінгі уақытта әлбетте өзекті болып отыр.
Колледждің бәсекеге қабілеттілікті арттыру және білім беру қызметтерінің шеңберін кеңейту – үлкен басымдыққа ие. Атап айтқанда, жаңартылған типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын оқу үдерісіне енгізу, сұранысқа ие мамандықтарды жаңарту және кеңейту (лицензия алу), мамандарды даярлаудың ең тиімді түрі ретінде дуалды оқыту жүйесін кеңірек енгізу, қашықтықтан оқыту жүйесін кеңейту, кәсіптік бағдар беру жұмысын жетілдіру – аса маңызға ие.
Колледжде білім алушыларды World-Skils чемпионатына стандартқа сәйкес дайындау мақсатында заманауи материал және құралдармен қамтамасыз eтy, ERASMUS+ жобаларына тарту жұмыстары жолға қойылған. Бұл жобаның мақсаты — ТЖКББ-ға көмек қолын салу, білім сапасын көтеру, білім алушылардың ұтқырлығын және мәдениетін қалыптастыру және олардың әлеуметтік капиталын өз елінде де шет елдерде де дамыту жағдайы тиімді қарастырылған.
Отандық ғалымдар ұлттық білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігінде кіріктіру және қоғамдық сұраныстарға жауап беру мақсаттарына сәйкес, білім берудегі компитенттілік үлесіне зерттеулер жүргізіп, оны колледж практикасына енгізу мүмкіндіктерін қарастыра бастады. Өйткені білімді компитенттілік тұрғысынан ұйымдастыру қоғамның мүддесіне де, білім саласы қызметкерлерінің мүддесіне де сай келеді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжінде «Техникалық мамандықтар бөлімі» және «Ақпараттық технологиялар бөлімі» жұмыс істейді және қазіргі заманғы сұранысқа ие, болашағы зор 20 мамандық бойынша кадрлар дайындалады. Студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Кітапханалар, оқу залдары, электрондық оқу залдары білім алушыларға тегін қызмет көрсетеді. Ғылыми ізденіс үйірмелері, шығармашылық студиялар, спорттық үйірмелер жастардың сабақтан бос уақытын мазмұнды әрі қызықты өткізуіне септігін тигізеді. Стадион, спорт залы мен жатақхана оқу ғимаратына жақын орналасқан. Оқу процесінде қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар қолданылады, жоғары білікті тәжірибелі ұстаздар дәріс береді. Міне, осылардың барлығы жастардың алаңсыз сапалы білім алуына ықпал етеді. Колледж түлектері өз мамандықтарына сәйкес университеттің 2-ші курсынан оқуын онан әрі жалғастырып, жоғары білім ала алады.
Өздеріңізге белгілі, ХХІ ғасыр – жаһандық жаналықтар ғасыры ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры да, өйткені, ол қазіргі кезде мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ әлемдік нарықтағы, әлемдік қоғамдастықтағы орнын айқындап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көтеруде айрықша маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан оқу-ағарту ісіне, білім беру мен білім сапасын көтеру жұмыстарына, колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше мән берілуде. Білім берудің жаңа моделі жасалып, білім жүйесінде жаңа бағыттар қалыптаса бастады. Мемлекеттік стандарттар жаңартылып, оқу бағдарламалары жетілдіріліп, жаңа типтегі оқу орындары ашыла бастады. Сонымен қатар, білім сапасына қатаң талаптар қойылып, оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңa формалары мен әдістері, оқытудың жаңа технологиялары кең көлемде практикалық қолданысқа ие болуда. Бұл қарқында М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжін заманауи сұраныстарға жауап бере алатын іргелі білім ордасы деп біз толыққанды айта аламыз.
З.А. Заурбекова,
М.Әуезов атындағы ОҚУ
колледжінің аға оқытушысы.