«КҮЛІП ҚАЙТАМ, ӨМІРДІҢ БАЗАРЫНАН…»
Эра жайлы өткен күннен естелік жазу оңай емес. Кеше ғана ортамызда өлең оқып, өмірге деген құштарлығын, туған еліне, өскен жеріне, адамдарға деген махаббатын жырға қосқан қазақтың талантты ақын қызын ұмыту мүмкін емес. Атының өзі ерекше, болмысы бөлекше, өн бойына өнер тұнған Эра айналасын ән-жырға бөлеп жүретін. Арманы көп еді…
Бірде қуаныштан тасып, бірде жоқ нәрседен жасып, табан астында қамығып, жоққа жабығып, лезде баладай қуанып, мұң мен сағынышқа оранып жүретін. Эрамен алғашқы кездескеніміз де қызық. 80-жылдардың аяғы, қызыл-сары жапырақ жауған күз болатын. Жамбыл мектебінің жанындағы аялдамадан түсіп, жаяу келе жатсам, отыздан асқан орта бойлы, қысқа шашты, жүрісі шапшаң жас келіншектің бар даусымен әндетіп бара жатқаны бірден назарымды аударды. Қасына жақындап «Көңілдісіз ғой» дедім. Ол да іркілмей «Ия, менің мінезім сондай. Ән айтқым келсе, ешкімнен қысылмаймын, жақында Алматыдан отбасымызбен көшіп келдік, облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет атқарамын» деп өзін таныстырды. Біздің достығымыз осылай басталған еді. Өмір болған соң, адамның басынан жақсы да, жаман да өтеді. Қиналған да, қуанған да кездерімізде бір-біріміздің қасымыздан табылатынбыз. Менімен бірге жылап, бірге мұңаятын. Басымыз қосыла қалса сиясы кеппеген өлеңдерімізді жарыса оқитынбыз. Кез-келген жиын-тойда ортаға шығып билегенде, алдына жан салмайтын. Әңгіме айтқанда елдің езуін жиғызбай, шек-сілесін қатыратын. Бір сөзбен айтқанда, отырыстың гүлі болатын. Өлең жазған сәттері әлі күнге көз алдымда. Түрі әлем-тапырық болып, тұңғиық ойға кететін. Арасында жылап та алатын. Сырттай көңілді болып көрінгенмен, іштей ақынға тән мазасыз ойлар жанын жейтін.
Саналы адам өмір бойы өзін-өзі іздеумен жүреді. Эра да ішкі сезімдерімен арпалысып, сондай күй кешті.
Дос ету үшін қасымды,
Бағалау үшін асылды,
Өрлету үшін тасымды,
Тыюым үшін жасымды,
Сәждеге қойдым басымды, — деп жырлаған Эра, іздеген жан тыныштығын намаздан тапты. Имандылықты дәріптеді, имани өлеңдер жазды.
Үнемі асығып жүретін, асығып кетті. Туып-өскен жерін, бауырларын, Қос Тұрасын жақсы көретін.
Мықтылардың дәметпей назарынан,
Жыр жазатын қаймықпай азабынан.
Мұқағали жылады, жетер енді,
Күліп қайтам, өмірдің базарынан, — деген Эра ақын асау тағдырынан қаймықпай, өмірдің базарынан күліп қайтты. Артында қалған отты жырлары, рухты әндері, өмірінің жалғасы – ұрпағы барда мәңгі жасай береді!
Эраға
Өлең еді кезіктірген біздерді,
Жүрген кезде сезімдермен алысып.
Көктем етіп көңілдегі күздерді,
Қиялдарда армандармен табысып.
Тағдыр шіркін, көрсетпестен қаталдық,
Қай ақынды сипап еді маңдайдан.
Пендеміз ғой, көрсетіп ап, осалдық,
Кешірімге бару болды зор майдан.
Алдымызда талай асусын тұрып,
Біз кездестік араға сап жылдарды.
Саған деген жанарыма мұң тұнып,
Жүрегімде сағынышты жыр қалды.
*****
Мөлдір тамшы кірпігіме жас іліп,
Жаутандаймын сағынышты жасырып.
Өз отына күйіп-жанып өртеніп,
Ғарыш жаққа кеткенің не, асығып.
Арпалысып алай-дүлей сезіммен,
Қолға ұстап жүрегіңді езілген.
Тобырлардан безіп кеткің келетін,
Жандар болса жылылығы сезілген.
Жалғыз тұрып жыр оқимын жаһанда,
Өмір деген кейде бізге қатал ма?!
Кеше ғана бірге жүрген, Эражан,
Елес болып қалдың көне шаһарда.
Ғайни ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі,
Қазақстан Журналистер
Одағы сыйлығының иегері,
ҚР ақпарат және мәдениет
саласының үздігі.