МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ САЛАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында жылдан-жылға мал басы саны артып келеді. Мұны мамандар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекпен байланыстырады. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама аясында асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған шаруалар көбейген.

Жалпы Созақ ауданы мал шаруашылығына қолайлы аймақтың біріне жатады. Жайылым жер де жеткілікті. Осы ерекшелікті жергілікті шаруалар тиімді пайдаланып келеді. Соның бірі — «Қанжарбек» шаруа қожалығы. 2005 жылы құрылған қожалық ет өндіру бағытын қолға алған. Қожалық төрайымы Айгүл Ашетова 2020 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 10 млн теңге несие алып, 400 бас қой сатып алған. Бүгінде 1130 бас усақ мал, 50 бас мүйізді ірі қара, 75 бас жылқысы бар. Шаруа қожалығы 2000 га аса жайылымдық жерді пайдаланып отыр. Сондай-ақ «Инвестициялық салымдар есебінен кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беру» бағдарламасы бойынша құдық қаздырып, күн сәулесінен энергия алатын қондырғылар да орнатқан. Қазіргі таңда онда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы мөлшері 200 мың теңгенің төңірегінде. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы төмен пайызбен несие алып, мал басын арттыруды көздеп отыр. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, ісін ілгерілетіп отырғандар баршылық дейді салаға жауапты маман.
«Біздің шаруа қожалықтың басым бағыты – мал басын көбейту. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жеңілдіктер болып жатыр. Субсидиялар көптеп бөлінуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында 21 мен 35 жасқа дейінгі азаматтарға 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейін несие беріле бастады. Менің ойымша, бұл – үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта осы бағдарламалар аясында қожалықтың иелігіндегі мал басын тағы да көбейтуді жоспарлап отырмыз» дейді шаруа қожалық мүшесі Бағлан Қанжарбекұлы.
Айта кету керек, жалпы Созақ ауданында 330 мыңға тарта ұсақ мал, 15 мыңнан астам түйе, 25 мыңға тарта жылқы, 40 мың бас ірі қара бар. Сала мамандары мемлекеттік қолдаудың көмегімен бұл көрсеткішті арттыра түсу негізгі міндет екенін жеткізді.