МАҚТААРАЛДА 33 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ МАҚТА ЕГІЛДІ

Бүгінгі таңда Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. Қазірдің өзінде диқандар 32794 гектар жерге мақта, 15432,5 гектарға бақша, 1587 гектарға дәнді жүгері, 1045 гектарға көкөніс, 805 гектарға жаңа жоңышқа, 233,5 гектарға картоп егіп үлгерген.

Сәуір айында ауа-райының қолайлы болуы шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын жылдағыдан ертерек жүргізуіне бастама болды. 2023 жылы Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағада 5655 тонна жанар-жағармай отыны бөлініп, бүгінгі таңға 1 литрі 206 теңгеден босатылуда. Соңғы деректерге сүйенсек, 3690 тонна жанар-жағармай отыны шаруаларға берілді.
Биыл мақта егу үшін аудан аумағындағы тұқым шаруашылықтары 1200 тонна мақта шитін дайындап, алыс жақын шет мемлекеттерден қосымша R-1 мақта шитінің тұқымдары алынды. Сонымен қатар көршілес Өзбекстан мемлекетінің «Наманган-77» тұқымдық шиті аудан аумағында сынама ретінде 30 гектар алқапқа егілуде. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 374,1 млн теңге және «Жетісай несие» ЖШС тарапынан 116 млн теңгеден аса несие берілген.
Айта кетейік, былтыр 40,4 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 106 мың тоннадан астам өнім жиналған. Ал биыл диқандар 35,7 мың гектар алқапқа мақта дақылын егуді жоспарлап отыр.