АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛАТЫНДАРДЫҢ САНЫ ҚЫСҚАРА МА?

Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын мұқтаж жандардың санын қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Дегенмен Үкіметтің шешімі қандай болмақ? Бастама қолдау таба ма әлде қазіргі жүйе өзгеріссіз қала ма? Тарқатайық…

Жуырда «Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту» атты форум барысында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов журналистердің сауалдарына жауап берген болатын. Міне сонда премьер-министрдің орынбасары ойын былай деп тарқатты «Әлеуметтік мемлекет ретінде мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетеміз. Егер жұмыс істегісі келетіндер болып, денсаулығы жараса біз оларды еңбекпен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл жерде масылдық болмауы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алатын жандардың санын қысқарту туралы ұсыныс енді келіп түсті. Аталған көмек түрі жетілдіріліп жатыр. Егер осыдан 1,5 жыл бұрын мұқтаж отбасылардың жан басына берілетін атаулы әлеуметтік көмектің көлемі 6 мың теңге болса, қазір ол 12 мың теңгеге жетті».
Көлгіновтың сөзінің астарынан атаулы әлеуметтік көмек алатындардың санын қысқарту мәселесін қарау жоспарда жоғын айқын аңғаруға болады. Керісінше көмек түрі жетілдірілмек. Яғни қабылданған Әлеуметтік кодекс аясында бірқатар жаңашылдықтар енеді. Ол қатарда цифрлық карта да бар. Сала толық цифрлық форматқа көшкен уақытта отбасының мемлекеттік қолдауға мұқтаж немесе мұқтаж емесі міне осы цифрлық картада анық көрінеді. Міне, сонда Үкімет мұқтаж жандардың нақты саны мен олардың жағдайын бақылауға ала алмақ. Өз кезегінде, жұмыспен қамту шаралары да жалғаса береді. Премьер-министрдің орынбасары денсаулығы жарайтын, жұмыс істегісі келетіндерді жұмысқа орналастыру – негізгі жұмыс бағыты болатынына да тоқталуды ұмытпады.
Қалың оқырманның жадында болса, Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынған болатын. Оның орнына әр балаға жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеу керек екені де айтылды. Нақтырағы, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты — көпбалалы аналарды, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған аналарды және дамуында ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау. Көпбалалы отбасылардың басым бөлігі көбінесе жалға берілетін бөлмелерде тұрады. Егер ипотека рәсімдеу мүмкін болса, әдетте құрылыс сапасы төмен, эконом санаттағы бір бөлмелі пәтер алады. Олар үшін мемлекеттік тегін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ, ипотекалық несие берудің жеңілдетілген шарттары қарастырылмаған. Қомақты бастапқы жарна талап етіліп, жоғары пайыз мөлшерлемесі қойылады. Мұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке ме? Объективті түрде қарасақ, ол да нақты көмек болып тұрған жоқ» деген болатын. Мәжіліс депутатының пайымынша, АӘК-ге үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Сондықтан Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау қажет деп санайды, өйткені оны алу үдерісі күрделі.
Ал оның орнына балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру ұсынысы айтылды. Оның көлемін ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға айына 70 мың теңге болсын деген пікір ортаға тасталды. Яғни отбасында 4 бала болса, 280 мың теңге, 2 бала болса, 140 теңге алуы тиіс. Депутаттың сөзінше, қазіргі уақытта 4 балаға 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді. Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, тұрғын үйдің жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген.
Қош делік, Мәжілісте айтылған құлаққа жағымды, жүзеге асуы қиын тағы бір депутаттық сауал жолданды. Онсыз да Ұлттық қорға қол салып, бюджеттің жыртығын жамай алмай отырғанымызды депутаттық сауал авторы білер ме екен?! Мұнысы таза популизм емес пе? Сауал көп. Жауабы да белгілі сияқты…

С.НҰРАЙ.