ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫ ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІ
Бас ауырып, балтыр сыздаса, дәріханаға бет алатынымыз анық. Жасыратыны жоқ, пандемиядан бері дәрі-дәрмек бағасының аса жоғары қарқынмен өсіп жатқаны белгілі. Осындайда қымбатшылықпен күресіп жатқан министрлік мұны елемей ме деген сауал туындайды. Сөйтсек себеп басқада екен.
Нақтырағы, фармацевтика нарығы импортқа тікелей тәуелді. Елімізге дәрі-дәрмек толығымен шетелдерден жеткізіледі. Vi-Ortis деректері бойынша, 2022 жылы импорт 799,3 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, нарықтағы дәрі-дәрмек саудасы 863 млрд теңгені құрайды. Оның 162 млрд теңгесі ғана отандық өндірушілерге тиесілі.
Қазақстан дәрі-дәрмек импорттайтын негізгі елдер – Ресей, Беларусь, Украина. Ресми мәліметтер бойынша, 2022 жылы Ресейден 6,4 мың тонна дәрі-дәрмек жеткізілсе, Беларусьтен 1,2 мың тонна, Украинадан 730 тонна дәрі-дәрмек әкелінген. Демек жоғарыда аталған елдер тәуелсіздік жылдарында фармацевтика саласын жолға қойып алды. Ал біз әдеттегідей шеттен әкеліп әлі жүрміз. Оның қызығын алып-сатарлардың көріп жатқаны анық.
«Уақыт».