ШВЕЙЦАРИЯЛЫҚ САРАПШЫЛАР ҚАЗАҚСТАНҒА КӨМЕКТЕСУГЕ УАҒДАЛАСТЫ

Бас прокуратура Базель басқару институтымен ынтымақтастық туралы келісім жасады. Институт сарапшылары елден шығарылған активтерді қайтаруға көмектеседі.

Осы институттың құрамына кіретін Халықаралық активтерді қайтару орталығы (ICAR) – әртүрлі елдердің құқық қорғау органдарына жәрдемдесетін әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі. Келісімшарттарға сәйкес, Базель институтының сарапшылары Қазақстанның Бас прокуратурасына төменде көрсетілген бағыттар бойынша көмек көрсетеді. Атап айтқанда, активтерді қайтару мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді талдау және жетілдіру жөніндегі ұсынымдар, халықаралық тергеп-тексерулер жүргізуде және активтерді шетелден қайтаруға байланысты қылмыстық істер бойынша сұрау салулар дайындауда құқықтық және консультациялық көмек.
Сонымен қатар қаржылық тергеп-тексеру және активтерді қайтару, оның ішінде әлем бойынша компаниялардың бенефициарлық меншік иелері мен жылжымайтын мүлік иелерінің тізімдерінен онлайн режимінде ақпарат алу мәселелері бойынша оқыту тренингтері мен семинарларын өткізу бойынша жәрдем көрсетеді.