ЕЛІМІЗДЕ АВТОКӨЛІК ӨНДІРІСІ ДЕ, САТЫЛЫМЫ ДА ӨСКЕН

қазақстандықтардың таңдауы қалай өзгеруде?

Былтыр әлем экономикасы үшін ауқымды мәселеге толы жыл болды. Солтүстіктегі көршімізге салынған санкция салдарынан әлемде логистикалық тізбек бұзылды. Нәтижесінде бұрындары сауда сөрелерінде самсап тұратын кей тауар түрлері қат болып шыға келді. Бұл тек азық-түлікпен ғана шектелген жоқ. Қоғамның барлық дерлік саласында сезілді. Соның бірі – машина жасау саласы. Бірқатар әлемдік брендтер Ресей нарығынан кеткеннен кейін жағдай тіпті ушықты. Оның салқынын отандық машина жасау саласы айқын сезді. Осы тұста тарқатайық…

Өткен жылы қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алу қиынға соқты. Кейде бюджеттік көліктерді де, премиум көліктерді де айлап күтуге тура келді. Өйткені пандемия салдарынан онсыз да бұзылған логистикалық жеткізу тізбегін қиындатқан жартылай өткізгіш дағдарысы Қазақстан нарығына ғана емес, бүкіл әлемге қатты әсер етті. Еnergyprom.kz деректеріне сүйенсек, Украинадағы соғыс Қазақстандағы ең ірі «Сарыарқа Автопром» және Hyundai Trans Kazakhstan автозауыттарына автокөлік бөлшектерін жеткізу тізбегін одан сайын бұзды. Ал Ресейден жаңа автокөліктердің ағыны айтарлықтай төмендеді. Өйткені Ресейдің әскери агрессиясы нәтижесінде салынған санкциялар мен ірі брендтердің елден кетуі ресейлік автокөлік өнеркәсібіне нұқсан келтірді. Еске салайық, елімізге келетін жаңа көліктер импортындағы Ресейдің үлесі шамамен 40%-ды құрады. Әйткенмен мұның өзінде қазақстандық автокөлік нарығы әлемдік сатылыммен салыстырғанда оң динамика көрсетіп, өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап өсті. Бұған автокөлік компоненттерін жеткізудің жаңа тізбегін құру, олардың импорттық бағыттарын кеңейту және жаңа жеткізушілерді іздеу ықпал етті.
Соңғы уақытта жаңа көліктер өндірісі айтарлықтай өскен. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында барлық үлгідегі 113,9 мың автокөлік шығарылды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,8%-ға артық. Барлық өндірілген көліктердің 103,3 мыңы – жеңіл автокөліктер, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,1%-ға көп. Биыл да саладағы өсу қарқыны артып келеді. Жыл басынан бері елімізде 19,5 мың автокөлік құрастырылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,7%-ға артық. Оның ішінде жеңіл автокөліктердің саны 17,5 мыңды құрап, 41,3% өсім көрсетіп отыр. Жоғарыдағы көрсеткіштердің салдарынан отандық автокөлік нарығы былтырғы дағдарысты еңсерді. Мұны автодилерлердің оң нәтиже көрсетуімен дәлелдеуге болады. Ашып айтсақ, 2022 жылы еліміздегі сатылым 123,8 мың жаңа автокөлікті құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,3% артық.
Жалпы өткен жылы қытайлық көліктер әлемдік автокөлік нарығында айрықша қарқынмен дамып келе жатқанын айқын аңғартты. Осы орайда, еліміздегі ең танымал 10 автокөлік брендінің қатарына да қытайлық брендтердің өнімдері кіріп отырғанын айта кеткен жөн. Нақтырағы, Chery, JAC, Exeed және Haval сынды қытайлық автокөлік алпауыттары ондықтың ортасынан ойып орын алып тұр. Бір қызығы, нәтиже мұнымен шектеліп қалмақ емес. Жуырда аспанасты елінің брендтері отандық нарыққа дендеп енуі мүмкін. Өйткені Astana Motors Қытайдың жетекші үш автоалыбы – Changan, Chery және Haval автокөліктерін шығаратын зауыт салуды бастайды. Демек бұл – жақын арада бұл көліктер қазақстандықтарға сатыла бастауы мүмкін деген сөз.
Сатылымға қарай ойыссақ, биылдың алғашқы үш айында елімізде 37,3 мың автокөлік сатылған. Яғни қаңтарда 10,4 мың, ақпанда 13,2 мың, наурызда 13,7 мың жаңа көлік өз иесін тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,7%-ға артық. Бір қызығы, қытайлық көліктердің сатылымы 3 еседен артық өсім көрсетіп отыр. Мәселен, былтыр қаңтар-наурыз аралығында қытайлық бренд өнімдері жалпы сатылған көліктердің 5,9%-на тең болса, биыл 17,7%-ын құрап отыр. Жоғарыда жазған ондыққа енген 4 брендтен бөлек елімізде Geely, Yutong және JAC Trucks көліктері де жақсы сатылуда. Сатылымның өсуі және қытайлық көліктердің нарыққа дендеп ене бастауы басқа да брендтердің өз өндірісін арттыруына себепші болып жатыр. Бір қызығы, автокөлік өнеркәсібіне жанармай бағасының өсуі мен оның тапшылығы әсер етіп отыр. Бұл қазақстандықтарды үнемді шағын автокөліктерді таңдауға итермелеуі мүмкін. Сонымен қатар электрокөліктер де еліміздің нарығына барған сайын белсенді түрде шыға бастады. Әсіресе Қытай бұл сегментте де елеулі орын алды.
Қорыта айтқанда, отандық автокөлік өндірісінде біршама өсім байқалып отыр. Сонымен қатар соңғы уақытта қазақстандықтардың жаңа көліктерді сатып алуы да жиілеген. Мұның өзі әлемдік деңгейдегі ірі брендтердің елімізге назар аударуына себеп боларына сеніміміз мол…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.