ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ ТОЗҒАН
Қоғамда денсаулық сақтау саласына қатысты сынның жиі айтылатыны белгілі. Жасыратыны жоқ, бүгінде медициналық қызметтің сапасы мекеменің материалдық-техникалық базасы мен ұжымына тікелей байланысты. Ал бұл тұрғыдан келгенде, еліміздегі ахуал жақсы деуге келмейді.
Жуырда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі ауруханалардың жай-күйіне қатысты мәлімет берген болатын. Министрдің дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 6 187 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 492 аурухана және 5 695 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны бар. Олардың тозу деңгейі 44,7%-ды құрайды. Ең сорақысы, жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген Ұлттық жоба шеңберінде 655 МСАК нысанын салу, сондай-ақ жарақтандыру, күрделі жөндеу, реконструкциялау жолымен 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделеді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» дейді ведомство басшысы.
Сондай-ақ Ажар Ғиният өңірлерде заманауи стационарлар салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Айтуынша, Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана, 12 перинаталдық орталық және онкология орталықтарының желісі салынады. Сонымен қатар Қостанай және Алматы облыстарында 3 аудандық емхана, Қызылорда мен Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана, Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана және Қызылорда қаласында Қан орталығының құрылысы жүргізіледі.
Ж.БАЛАУСА.