ТУРИЗМ ЕҢСЕСІН ҚАШАН ТІКТЕЙДІ?

Туризм – елдің оң имиджін қалыптастырумен қатар, қазынаға қыруар қаржы әкелуге қауқарлы сала. Мұның игілігін көріп отырған мемлекет көп. Жыл сайын қарт құрлыққа миллиондаған турист табан тірейді. Оңтүстік Шығыс Азия елдері аталған саланың әлеуетін арттыруға мән беріп келеді. Қазақстандықтардың дені БАӘ мен Түркияға барып демалатынын жақсы білеміз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзі саланы біршама дамытуға қол жеткізді. Ал Қазақстанның көштің соңында келеді. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін, тарқата жазайық…

Өткен жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында Қазақстанға сырттан келген туристер саны 3,4 млн-ға жеткен. Бұл туралы Energyprom.kz жазды. Әйткенмен мұның өзі елдегі туристік кластердің жақсаруын білдірмейді. Өзге себептері бар. Нақтырағы, коронавирустық пандемияден кейін жағдайдың оңалуы мен карантиндік шектеулердің алынуы елге келер қонақ санының артуына әсер еткен. Сонымен қатар жуырда ғана жұртты дүрліктірген Ресейдегі мобилизация мен Украинадағы жағдай себеп болған. Жасыратыны жоқ, туризмнің мүмкіндігін кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі шаралар көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатыр. Әйтсе де мұның өзі саланың дамуына айтарлықтай әсер ете алмай келеді. Өйткені шеттен келетін туристерге қарағанда шекара асып, өзге мемлекеттерде демалуды қалайтын қазақтандықтардың саны көп. Ашы айтсақ, 2022 жылдың 9 айында 5,6 млн қазақстандық демалу үшін өзге елдерді таңдаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есе көп. Ал ішкі туризм бір жыл ішінде 25,1 пайызға өсіп отыр. Яғни еліміздің аумағында демалуды таңдағандардың жалпы саны 4,9 млн адамды құрайды.
Жуырда News құрастырған туризмі дамыған елдер рейтингінде Қазақстан әлемнің 85 елі арасында артынан санағанда екінші, яғни 84-орынға тұрақтады. Тізімге енген елдер ішінде еліміз Иранды ғана артқа тастаған. Ал Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей сияқты елдерден бөлек, Замбия, Ливан мен Мьянманың жағдайы бізден жақсы. Осының өзі еліміздің туризм саласындағы әлеуетін айқындап тұрған тәрізді. Қош делік, сонда мемлекет бөлген қаражат қайда кетіп жатыр? Неліктен нәтиже бере алмай келеді? Сөйтсек оның да себебі бар екен. Қабылданған шаралардың тиімсіз. Кейбірі тіпті даулы мәселеге айналған. Мәселен, елімізде тұрақты түрде KITF «Туризм және саяхат» қазақстандық халықаралық көрмесі өткізіліп келе жатыр. Бұл шара көбіне шетелге шығу туризмін дамытуға ықпал етеді. Яғни көрмеге отандық туроператорлармен және басқа да компаниялармен келісімшарттар мен меморандумдар жасайтын түрлі елдердің өкілдері келеді. Сәйкесінше, көрмеге келушілер үшін ең қызығы – халықаралық туризм. Ең қызығы, көрме негізінен шығу туризміне бағытталғанына қарамастан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен «Атамекен» ҰКП қолдауына ие. Қарап отырсақ, министрліктің өзі сырттан туристерді тартудың орнына сыртқа шығу туризмін дамытуға басымдық беріп отыр.
Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылға арналған бюджеттік бағдарламаларының орындалуына жүргізілген мониторингтің қорытындысы туралы есебіне сәйкес, ведомствоға «Туризмді және туристік қызметті дамытуды ынталандыру» санатына 402 млн теңге ұсынылған. Бұл өте аз сома, соның өзінде қаржының небәрі 21,3%-ы ғана орындалған, ал игерілмеген сома 316,2 млн теңге. Яғни мемлекет тарапынан атқарылатын жұмыстардың өзі көңіл көншітпейді. Ішкі туризмнің осылайша ақсауының кесірінен, қазақстандықтардың дені шетелде демалуды құп көреді.
Әншейінде әлемнің кереметтері Қазақстанда да бар дегенді жиі айтамыз. Батыстағы Бозжыра шатқалы, Жетісудағы Шарын каньоны, шығыстағы Қатонқарағай, оңтүстіктегі тарихи орындар кімнің де болсын қызығушылығын тудырары анық. Әйтсе де атқамінерлер осы орындарды насихаттап, турист тартуға құлықсыздық танытып отырған сыңайлы. Әйтпегенде онсыз да аз бөлінген қаражат игерілуі тиіс еді-ау. Қош делік, туризмнің әлеуеті артып, әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға аударуына әлі де алыс екені анық. Едел-жедел қолға алынар тиімді бастама болмаса, көштің соңында қалғанымыз қалған. Ал бұл шенділерді қызықтырмайтын тәрізді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.