ӘЙТЕНОВТЫҢ ӘКІМДІК ТІЗГІНІН ҚОЛЫНА АЛҒАНЫНА 3 ЖЫЛ
қалада қандай өзгерістер орын алды?
Жуырда ғана мәслихат депутаттары сенім артып, қала тізгінін қолына ұстатқан әкімнің де Шымкентке басшылық етіп жатқанына үш жыл толып отыр. Рас, бұл кезең тарих үшін қас-қағым сәт саналғанымен, бүгінгі уақыт кеңістігі үшін белгілі бір істі тындыруға жетерлік мезгіл. Қош делік, Мұрат Дүйсенбекұлы осы үш жыл ішінде не бітірді? Атқарған қай ісі үшін халық қалаулыларының сеніміне ие болды? Қайта тағайындалған әкімнен не күтеміз? Тарқатайық…
Ең әуелі қала бюджеті турасында тарқата жазайық. Өткен жылы қала бюджетінің көлемі 573,7 млрд теңгені құрады. Сәйкесінше, мегаполис болғалы Шымкенттің бюджет 4 есеге артып отыр. Былтыр қала бюджетінің 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 21 пайызы даму жобаларына бөлінді. Осы тұста бюджет қаражатын ұлғайту арқылы шаһардағы көптеген түйткілді түйіндердің шешіліп келе жатқанын айрықша айта кету керек. Бір ғана мысал, ашықтықты қамтамасыз ету бағытында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасына 2022 жылы 3,9 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 140 балалар ойын алаңшасы, 24 ашық спорт алаңы мен 2 ирригациялық арық орнатылды. Бастама халық арасында да кеңінен насихатталып келеді. Қазіргі таңда қала тұрғындары «электронды үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, жауаптарын ала алады. Мұны бір деңіз…
Екіншіден, республикада өсім динамикасы бойынша үшінші мегаполис 2021 жылдан бастап алғашқы орында. Соңғы 4 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайыз ұлғайды. Яғни 492 млрд теңгеден 785,4 млрд теңгеге өсті. 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Былтырдың өзінде шаһарға жарты трлн теңгеден астам қаржы құйылды. Инвестициялық жайлы орта қалыптастыру бағытында да қыруар іс қолға алынып жатыр. Бүгінде қала аумағында жалпы аумағы 886 га құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істеп жатыр. Осының арқасында кәсіп бастап, нәсібін көруге ниеттілердің қатары артып келеді. Нақтырағы, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен 2021 жылмен салыстырғанда 39 пайызға артып, 101 мыңнан асып жығылды.
Көптің көкейтесті мәселесіне айналған инфрақұрылым саласында да ауыз толтырып айтар жаңалық көп. Мәселен, 700 шақырымға жуық жол жөнделді. Салыстырар болсақ, бұл бұған дейінгі 8 жылда атқарылған жұмыстың ауқымына тең. 2025 жылға дейін қала аумағында сапалы электр жарығы, ауыз су мен көгілдір отыр мәселесі болмайды. Бұл бағытта да жүйелі жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Инфрақұрылым мәселелері шешімін тапқан өңірлер турасында газетіміздің бұған дейінгі сандарында да тарқата жазған болатынбыз.
Қоғам дамуына айрықша әсер етер саланың бірі – білім. Бұл бағытта да жүзеге асқан жұмыс жетерлік. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы оқу жылында 235 мектепте барлығы 247 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Аталған саладағы ең өзекті түйткілдің бірі орын тапшылығы десек, бұл бағытта Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады. Өткен жылы қалада 30-дан астам жаңа білім ордасы шәкірттерге есігін айқара ашты. Мектепке дейінгі білім бойынша да жүзеге асып жатқан жұмыс жетерлік. Алдағы 3 жылда 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту жоспары бекітілген. Жұмыс бақылауда. Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы сала толықтай материалдық-техникалық базамен қамтылды. Үшінші мегаполисте 44 емхана, 4 көпсалалы аурухана, 22 компьютерлік томография, 14 магниттік резонанс томографиясы бар. Алдағы уақытта 6 емхана мен 800 орындық университет клиникасы салынады. 200 орындық перинаталдық орталық салу бастамасы тағы бар. Әлеуметтік салаға ойыссақ, соңғы жылдары мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Мемлекеттік бағдарламалар да кеңінен насихатталып, тұрғындардың кәсіп бастауына да барша мүмкіндіктер қарастырылуда.
Шаһар басшысы тоқсан сайын тұрғындарға есеп беріп, атқарылған жұмыстармен таныстырып келеді. Әрбір кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сауалдарына жауап беруді де әдетке айналдырған жұртшылық жақсы біледі. Көтерілген мәселелер бойынша хаттамалар толтырылып, шешілу бағыттары да халыққа түсіндірілуде. Қоғамның көкейін тескен түйткілдер шаһар басшысының назарынан тыс қалған емес. Соңғы үш жылда атқарылған жұмыстардың ауқымына қарап, әкімнің іскерлігін бағамдай беруге болатын тәрізді. Бүгінгідей жаһандық геосаяси ахуал мың құбылып тұрған уақытта отандық өндірістің әлеуетін арттырып, экономиканың өркендеуіне жол ашудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласының адымы алымды. Демек халық қалаулыларының бұған дейін артқан сенімі ақталды. Қош делік, атқарылған жұмыс аз емес. Әйткенмен болашақтың еншісіндегі өзекті түйткілдер де баршылық. Қала әкімі лауазымына қайта тағайындалған әкімнің сенімнің үдесінен қаншалықты шығарын уақыт көрсетеді…
С.НҰРАЙ.