АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУҒА 143 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Биыл елдегі 736 ауылда 1,5 мың жобаны іске асыру үшін 143 млрд теңге жұмсалады. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.

Министрдің сөзінше, 2023 жылы министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 736 ауылдық елді мекенде 143 млрд теңге сомасына 1,5 мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 102 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттерде есептеліп, жергілікті бюджеттердің шығыстарына берілді. Бұл қаржы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауылішілік жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаға бөлінбек.
«Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі ҚР ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген» деп түйіндеді өз сөзін министр.