ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра отырып билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту мақсатындағы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектың бекітілген кестеге сәйкес, есептік кездесуі Асықата кентінің тұрғындарымен өтті.

Аталған басқосуға аудан әкімінің орынбасарларымен қатар барлық бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаты Гүлжан Убайдина, аудандық Ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Мейірман Халықов пен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, кент тұрғындары қатысты. Кездесу аудан басшысының бұған дейінгі басқосуда көтерілген мәселелердің орындалуы барысымен асықаталықтарды таныстыруымен басталды.
Алдыңғы кездесуде Асықата кентінің тұрғыны Бақтыгүл Жақсылықованың Әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің алдын асфальттау туралы өтінішіне орай орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттамасы жасалып, қажетті қаржы көлемі анықталғандығы, 2023 жылға қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік комиссияға ұсыныс жолданғандығы айтылды. Ал Мира Дәрменова кентте егілген ағаштардың арықтарға ағын судың келмеуі салдарынан қурап жатқанын алға тартып, тиісті жұмыстар жүргізуді өтінген болатын. Асықата кентіндегі көше бойларына егілген ағаштарды суғару бойынша арнайы бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан «Казсушар РМК» ТФ Жетісай өндірістік бөлімшесіне тапсырыс беріліп суғару жұмыстары жүргізілсе де қурап қалған көшеттердің себептерін анықтау мақсатында зертханалық жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтқан аудан басшысы Бахтияр Сарының Досымов көшесіне үй іргелік жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету үшін бетондалған арық салып беру туралы өтінішінің де жауабын берді. «Асықата кентінде орналасқан арық-атыздар салуға ақау актісі түзіліп, сметалық құжаттамалары жасақталуда. Қажетті қаржы көлемі анықталғаннан соң аудандық бюджеттік комиссияның кезекті отырысына кезең-кезеңімен қаржыландыруға ұсыныс жолданады» деді Мұрат Болатұлы.
Кездесуден соң аудан әкімінің кент тұрғындарына өткізген жеке қабылдауында атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу, жол жөндеу мәселелерін көтерілді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен ұсыныстар бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.