САРЫАҒАШ: ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 98,6 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ
Бұл туралы Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев 9 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте айтты. Мұхит Баймұханбетұлының мәлімдеуінше, ауданда электр қуатымен қамту көрсеткіші 98,6%-ға жетіп отыр.
Бүгінде Көктерек кенті, Дарбаза, Ердәуіт, 51-разъезд, Жылысу, Дархан және Келес елді мекендерін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ биыл 7 елді мекенге, яғни Жаңаталап, Алғабас, Ақ үй, Дастан, Құркелес, Дарбаза, Шымырбай елді мекендеріне табиғи газ беріліп, жалпы қамту көрсеткіші 76,5%-ға жетті. Ал ауыз сумен қамту көрсеткіші 64,1%-ға жеткен. «Аудан тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында жұмыстар жоспарға сай іске асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ауданда перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Қазіргі таңда 8 гектар жер белгіленді. Мұнда аудан тұрғындарына ғана емес, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара ауданында тұратын азаматтарға да қызмет көрсетіледі» деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Спикердің сөзінше, 3 елді мекенде, яғни Жаңатұрмыс, Жонарық, Қарақалпақ елді мекендерінде емдеу нысанын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған. Құлтума елді мекеніндегі медициналық пунктті желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандағы жалпы 96 көшенің 112 шақырымына орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, биыл желтоқсан айында ауданда 3 мектеп пайдалануға берілмек. Жалпы, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында ауданда 11 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.