КЕНТАУДА 5000 ЖУЫҚ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
Кентау қаласы және ауылдардағы кәсіпкерлермен агроқұрылым, шаруа қожалықтарына Үкімет тарапынан бекітілген бағдарламаларға сәйкес берілетін тиімді несие, басқада жәрдемдер мен жеңілдіктерді кеңінен түсіндіру мақсатында семинар өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов, облыстық туризм басқармасының туристік жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің басшысы Медеуов Нұрдаулет, «Ырыс» МҚҰ ЖШС директоры Нұрлыбаев Жандос, «Оңтүстік» АИО ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Мақсат Асанов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Асланбек Исахов, «Халық Банк» АҚ Кентау қаласы филиалының директоры Акмал Абдужаппаров, «Атамекен» ҰКП Кентау қалалық филиалының директоры Мұрат Садуов қатысты.
Кең ауқымды семинарды қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Қарабайұлы ашып, Кентау қаласы және қалаға қарасты ауылдарда 5000 жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, қызмет етіп отқанын, жалпы еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 1,4 млн субъектіге жеткенін айтты. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту бойынша Үкімет және қаржы ұйымдары тарапынан бекітілген бағдарламаларға сәйкес берілетін тиімді несие, мемлекеттік жәрдемдер мен қаржылық қолдауларды халыққа кеңінен түсіндіру керегі айтылды. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов қазіргі таңда шаруаларды алаңдататын мәселелерге тоқтап, мемлекеттік субсидияларды кеңінен түсіндіріп, оның ішінде мал шаруашылығы саласындағы 24 түрлі субсидия, электронды өтініш беру және құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша ауқымды ақпарат берді.
Сонымен қатар туристтік бағыттардағы санитарлық-гигиеналық тораптарды, қонақ-үйлермен кемпингтерді мемлекеттік субсидиялау және де «Kids Go Free» бағдарламаларын облыстық туризм басқармасының туристік жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің басшысы Нұрдаулет Медеуов түсіндіріп өтті. Әр баяндамашы өз саласы бойынша мемлекеттен берілетін көмектер мен кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша ақпарат беріп, сұрақ-жауап форматына көшіп жиынға қатысушы кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Келелі жиында кәсіпкерлер мен шаруалар қажетті сауалдарына сала басшыларымен мамандарынан жауаптар алып, ризашылықтарын білдірді. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Қарабайұлы алдағы уақытта осындай семинарлардың кеңінен жалғасын табатынын жеткізіп, барша жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.