ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 600-ГЕ ЖУЫҚ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ФАКТІСІ ТІРКЕЛГЕН
жазаны жеңілдету жағдайды өзгерте ме?
Елімізде кәсіпкерлік саланың дамуы үшін барлық жағдайлар жасалып келеді. Әйтсе де жеке мүдденің қамымен заңды айналып өтетіндер санының көптігі бесенеден белгілі. Бүгінде талаптарға томпақ келетін әрекеттерімен жауапқа тартылып жатқан кәсіпкерлер жайындағы ақпаратты жиі оқимыз. Жуырда Finprom.kz аталған саладағы құқықбұзушылықтар турасындағы зерттеуін жариялады. Жағдайды жақсы деуге келмейді. Тарқатайық…
Зерттеулерге сүйенсек, ағымдағы жылдың басынан бері барлығы 596 кәсіпкер қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға аз. Заңды елемейтін кәсіпкерлердің саны бойынша Алматы қаласы мен Қостанай облысы көш бастап тұр. Бас-аяғы бір жылға жетпейтін уақыт ішінде аталған өңірлерде 55 құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Алматыдағы жағдай бір жыл ішінде 3,5 пайызға азайса, Қостанайда керісінше өсім көрсетіп отыр. Яғни заңнан аттағандар саны 19,6 пайызға көбейіп шыға келген. Аталған екі өңірден кейінгі орынға Жамбыл облысы жайғасып отыр. Онда 50 жағдай тіркелген. Бір қызығы, заңсыздыққа барғандар саны бұл өңірде бір жылда 3,1 есеге көбейген. Елордадағы жағдай да мәз емес. 46 кәсіпкер өзгенің құқығын бұзып, жауапқа тартылған. Десе де құқықбұзушылық фактісі өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға азайыпты. Маңғыстау мен Қызылорда облыстары тізімнің соңында. Яғни құқық бұзу фактісі төмен. Қос өңірдің әрқайсысында 12 жағдайдан тіркеліп отыр. Десе де мұны жақсылыққа балаудың қажеті шамалы. Қанша десек те, мемлекеттік өзі айрықша назар аударып, жұмысын жеңілдетуге барын салып жатқанда мұндай келеңсіздіктердің орын алуы көпті алаңдатары бесенеден белгілі.
Еліміздегі кәсіпкерлік сала өкілдері көбіне меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Аталған себеппен 194 адам ұсталып отыр. Дегенмен жағдай бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21,1 пайызға аз. Мұндағы ең көп тарағы – алаяқтық, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру және ұрлық. Одан кейін сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы басқа да қылмыстық құқықбұзушылықтар тұр. Мұндай қылмыстардың жалпы саны – 99. Бір қызығы, дәл осы себеппен өзгенің құқығына қол сұғушылар саны бір жылда 65 пайызға өсіп отыр. Оның ішінде 54 кәсіпкер пара алса, 40 адам пара берген. Сонымен қатар экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны да айтарлықтай көп тіркелген. Жалпы саны 98-ді құрайды. Десе де бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 27,4 пайызға азайған. Мұнда көбіне жалған шот-фактуралар, сондай-ақ салық төлеуден жалтару немесе қаржылық пирамида құру сынды құқық бұзу фактілері тіркелген.
Қош делік, кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалғанымен, заңнан аттап, талапты ескермейтіндер шығып жатыр. Мұны жоғарыда аталған сандар мен деректер дәлелдей алады. Осындай жағдайлардың саны артпауы үшін не істеуге болатыны көпшілікті толғандырары анық. Қоғамның қылмыстың көбеюін жазаның жеңілдігімен түсіндіріп жататыны жасырын емес. Түрлі құқықбұзушылықтар санын азайту мақсатында бас бостандығынан айыру жазасын енгізу бастамасы да жиі көтеріледі. Әйтсе де құқыққорғаушылар мұнымен келіспейтін болып шықты. Өйткені жазалардың 97 пайызы қылмыстық баптар бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты. Оның орнына кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бизнесмендерге өздері таппақ болған табыстарынан 2-3 есе артық төлем жасауды ұсынды. Нақтырағы «Кез келген компания менеджерсіз және есепшісіз жұмыс істей алмайды. Менеджерлер, заңгерлер, орындаушылар бар. Қате және біржақты түсіндіргендіктен, кейде компания белгілері қылмыстық ұйым элементтері ретінде қабылдануы мүмкін. Бұл қысым көрсетудің ыңғайлы механизміне айналады. Ол бірден ауыр қылмыс санаты болып есептеліп кетеді. Осылайша компанияның барлық жауапты қызметкерлерін дереу қамауға алуға болады. Бұл жағдайда кепілді пайдалану құқығы толығымен қолданылмай қалады. Сот жүйесінің мәліметінше, санкциялардың 97 пайызы қамауға алу. Үйқамақ – 2 пайыз ғана. Оның ішінде тек 37 жағдайда ғана электронды бақылау құралдары қолданылады. Яғни, барлық санкциялардың 0,3 пайызы. Біз коммерциялық компания мен қылмыстық топты тең қарамауымыз керек. Ресейде мұндай түсінік қалыптасқан. Құқықбұзушы кәсіпкерлерді бас бостандығынан айырудан гөрі көбірек айыппұлмен жазалау керек деп есептейміз. Заңды бұзды, зиян келтірді – қылмыстық бап бойынша сотталғанша, айыппұлды 2-3 есе артық төлесін. Сонда ол адам экономиканың субъектісі ретінде қалады, жұмыс орны қалады, ол салық төлейді, мемлекетке пайда әкеледі» деген болатын ол Бас прократурада өткен жиында. Оның айтуынша, 2021 жылы 118 құқықбұзушылық бойынша қозғалған қылмыстық істің сотталғандарға қатынасы 11-ге тең. Бұл дегеніміз 11 азаматтың кем дегенде 10-ы негізсіз қысымға ұшырап, тергеудің барлық зардаптарын тартқан.
Қорыта айтқанда, кәсіпкерлік саланың да өз мәселелері жетерлік. Десе де кәсіпкерлердің құқық бұзу фактісіне көз жұма қарап, айыппұл арқалатып, бостандыққа жібергеннен мәселе шешіле ме? Жәбірленушінің құқығын кім қорғайды? Бұл – әзірге басы ашық сауал. Бір ғана белгілі дүние бар, кәсіпкерлік саланы бөле қарап, артық құқық берудің арты жақсылыққа әкелмесі анық…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.