ТҮЛКІБАСТА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елмен бетпе-бет жүздесіп, өзекті мәселелерін тыңдау мақсатында Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барған болатын. Міне осы кездесуде аудан тұрғындары инфрақұрылым, ауыл шаруашылығына субсидия беру, үй салуға жер беру сынды түйткілдерді көтерді. Аймақ басшысы әр сұраққа тоқталып, нақты жауап берді. Сонымен қатар жауапты басшыларға мәселелерді назарға алуды тапсырды.

Өз сөзінде облыс әкімі «Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлінген. Табиғаты ғажайып, ауасы шипалы өңірдің әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысына жұмыс сапарында халықпен тығыз жұмыс істеуді күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселер бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте әрбір азамат өз саласы бойынша еңбек етуі тиіс. Жаңа бастамалар Түлкібас ауданының экономикалық дамуына тың серпін береді. Ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп саласының даму қарқынын арттырамыз» деп атап өтті.
Қазіргі уақытта ауданның инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл Еңбекші және Майлыкент ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 11 елді мекенде 32 жоба іске асырылуда. Амангелді, Абайыл және Таусағыз елді мекендерінде 3 мектептің құрылысы жүруде. Ал Кершетас елді мекенінде мектепті күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, жаңа мәдениет үйінің құрылысына қажетті қаржы қарастырылды. Ақбиік, Келтемашат, Рысқұл, Шұқырбұлақ елді мекендерінде 4 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Осы және өзге де деректерге тоқталған облыс әкімі кездесуден кейін бірнеше тұрғынды өтініші бойынша жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Алдағы уақытта әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыс жүреді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бірқатар кәсіпорынды аралады, алда жүзеге асатын жобалармен танысты. Солардың бірі – сусын шығаратын «BEIBARYS BOTTLERS» ЖШС. «RC Сola» атауымен алуан түрлі ауыз су және хош иісі бар сусындар шығаратын нысанның құрылыс жұмыстары биыл шілде айында бастау алды. Жобаның жалпы құны – 7 млрд 600 млн теңге. Нысан 2024 жылы пайдалануға берілмек. Іске қосылған жағдайда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, өңір басшысы «Кен-Тау» ЖШС-нің алма сақтайтын заманауи қоймасын көрді. Сонымен бірге мемлекеттік қайтарымсыз грант алып кәсібін ашқан азаматтар мен тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Осы тұста айта кетерлігі, Түлкібас ауданында жыл басынан бері бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша 66 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр. Жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды жеке инвестициялар мен бизнес идеялар арқылы жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке, жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық беру керегін айтты.