ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ САНЫ АРТАДЫ
Түркістан облысы – еліміздегі халқы тығыз қоныстанған өңірдің бірі. Сәйкесінше, әлеуметтік мәселелер де бар. Мәселен, күні бүгінге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 2 мыңнан астам іс-құжаттар сотқа жолданған. Әкімшілік істердің 64 пайызы сотта тараптардың татуласуымен қысқартылған.
Сараптама қорытындысы көрсеткендей, тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыстардың 30 пайызы мас хәлде немесе спирттік ішімдіктерді бірлесіп ішу кезінде туындаған. Мастықпен жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ордабасы ауданының Жусансай, Ақ қойлы, Жетісай ауданының Алмалы және Мақтаарал ауданының Жеңіс елді мекендерінде тұрғындардың бастамасымен дүкендер спирттік ішімдік сатудан бас тартқан. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Сәйкесінше, аталған елді мекендерде қылмыс саны азайған. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мәселесінде бұл бастама арқылы аудан халық көпке үлгі болып отыр. Түркістандық ақсақалдардың Түркістанды «Арақсыз қала, шарапсыз шаһарға» айналдыру бағытында көтеріп отырған мәселесі де орынды.
«Осы бағытта жұмысты күшейту керек. Басты мақсат – облыс аумағын қауіпсіз аймақ ету. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ана мен бала құқығын қорғаудың маңызы зор» – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Айта кету керек, өңірдегі Жастар ресурстық орталықтары жанынан «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторлары жұмыс істеуде. Жыл басынан бері облыс аумағындағы 6 секторда мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 573 әйел, 255 кәмелетке толмаған жасөспірім, 162 ер азамат пен 38 қарт бар.
AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол қартасына сәйкес, 2025 жылға дейін әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұрақтайтын орын беретін 234 Отбасын қолдау орталығын ашу жоспарланған. Түркістан облысында биыл 3 орталық, жалпы 4 жылда 16 орталық ашу көзделген.