КЕЙБІР КӨКӨНІС ТҮРЛЕРІНІҢ ИМПОРТЫ ЭКСПОРТТАН АСЫП ТҮСТІ

Импорт көлемінің экспорттан асып кетуі бірқатар өзекті мәселелердің тууына себеп болады. Солардың қатарында бағаның көтерілуі де бар. Сәйкесінше, отандық өнімнің әлеуетін арттырмай, мемлекет басшысы жиі айтатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екіталай. Жалпы елімізде көкөністің кей түрлері бойынша импорт экспорттан асып отыр. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.
Жекелей тоқталсақ, ағымдағы жылдың қаңтары мен шілдесі арылығында елімізде бұрыш импорты 3 есеге немесе 26,9 мың тоннаға дейін өскен. Шеттен келетін өнім көлемінің өсуі мұнымен шектелсе, қуанар едік. Бірақ өзге де көкөніс түрлері бойынша шетелге телміріп отырғанымызды сандар көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ, бақша дақылдарының импорты 85,2 пайызға немесе 50 мың тоннаға дейін артқан. Шеттен келетін қияр және сірке суымен уытталған ұсақ қияр 69,7, сарымсақ 64,4, қырыққабат 61,5, қызанақ 40,9, ас қызылшасы 5,3, баялды 2,3 пайызға көбейіп отыр. Сәйкесінше, импорттың үлесін азайтқан көкөніс түрлері де бар. Мәселен, елімізге келетін картоп 19,9, пияз 8,4, ас сәбізі 5,5 пайызға дейін азайған. Сәйкесінше, нарықтағы импорттың орнын отандық тауар алмастырып отыр. Жыл басынан бері экспортта да айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, асхана қызылшасының экспорты 3,4 есеге, бұрыш 3,2 есеге, сәбіз 29,6 пайызға, қияр 24,6 пайызға, сарымсақ 24,4 пайызға өскен. Шетке шығарылатын картоп, баялды, қызанақ, асқабақ, пияз бен қырыққабат керісінше қысқарған.
Елімізде биыл көкөністің негізгі түрлері бойынша импорт экспорттан бірнеше есе жоғары болып отыр. Мәселен, қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша баялды импорты экспорттан 67,3 есе, бұрыш –47,6 есе, қырыққабат – 18,3 есе, ас сәбізі – 13,9 есе, ас қызылшасы – 10,2 есе, сарымсақ – 8,7 есе, пияз – 6,3 есе, бақша дақылдары – 5,1 есе, картоп – 5 есе, қызанақ – 4,9 есе, қияр – 2,6 есеге өсті. Сәйкесінше, баға да біраз құбылған. Қыркүйек айының қорытындысына сенсек, жаңа піскен көкөністер бағасы бір жылда 10 пайызға қымбаттап отыр. Оның ішінде қияр 29,6, қызанақ 21,8, пияз 13,9, картоп 13,2, қызылша 0,1 пайызға қымбаттаған. Ал сәбіз 2,2 пайызға, қырыққабат 9,5 пайызға арзандаған. Көріп отырғанымыздай, көкөністің негізгі бөлігінде баға өскен. Мұның өзі шеттен келетін өнімдерге тікелей байланысты. Қымбатшылық әсіресе алматылықтардың қалтасына ауырлық әкеліп отыр. Өйткені мұндағы өнімдердің бағасы бір жылда 27,8 пайызға бір-ақ қымбаттаған. Одан кейін орынға 24,4 және 17 пайыз өсіммен Жетісу мен Атырау облыстары жайғасқан. Осы орайда, премьер-министр Әлихан Смайылов облыс әкімдеріне тұрақтандыру қорларын, атап айтқанда көкөніс қоймаларын белсендірек толтыруды тапсырды. Өйткені қазіргі кезең –көкөністерді барынша арзан сатып алып, кейін маусымаралық кезеңде бағаны өсірмеу үшін интервенция жасауға қолайлы уақыт.
Қорыта айтқанда, көкөніс өсіру мен одан өнім жинау бойынша ішкі нарықты қамти алмай келеміз. Экспортты көбейтуге талпынғанымызбен, шеттен келетін өнімнің көлемі артып барады. Мұның салдарынан базардағы баға құбыла түсуде. Жыл сайын маусымаралық кезеңде қымбатшылық қатты сезіледі. Мұның себебі де отандық өнімнің ішкі нарықты қамти алмауынан болып отыр. Қош делік, жауапты министрліктің аталған салаға назар аударуы мен мәселелерді шешу бойынша нақты жоспар ұсынуын күтеміз. Әйтсе де жыл сайын қайталанып жатқан мәселенің күрмеуі шешілмей ме деген қорқыныш та бар. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары сан рет жазып, нақты зерттеу қорытындыларымен дәлелдесе де, жақ ашар министр, жауап берер министрлікті таппай жататынымыз жасырын емес. Жағдай өзгере ме? Мұның жауабын министрлік бермесе, көптің көкейінде қандай жауаптың кілкіп тұрғаны айтпаса да белгілі…

С.НҰРАЙ.