ЖЕР ТЕЛІМІ ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕҢДЕЙ БӨЛІНЕДІ
Былтыр Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қарабау ауылдық округінің Жұмысшы, Қарабау және Сынтас елді мекен тұрғындары билікке талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жанайқайларын жеткізген еді. Өз кезегінде олар аудандағы «Қарабау ТӨШ» ЖШС-нің теңгеріміндегі жер телімдерін аталған елді мекен тұрғындарына пай үлеске бөліп беру мәселесін көлденең тартқан.
Сол кезде жиынға арнайы келіп қатысқан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма басшылары ауыл тұрғындарының талабын толық тыңдап, заң аясында өзекті мәселенің өзегін тарқатуға атсалысатындарын жеткізген.
Осыған орай 27-қыркүйекте Қазығұрт ауданына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бекбауов, «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Д.Балпанов арнайы келіп, Жұмысшы, Қарабау және Сынтас ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу нәтижесінде «Қарабау ТӨШ» ЖШС-не қарасты 4959,5 гектар жердің 4468,5 гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарылатын болып шешілді. Енді аудан теңгеріміне өткен жер үш ауылдың тұрғындарына теңдей бөлініп берілетін болады.