ОТАНДЫ СҮЮ ПАЙДАЛЫ ЕҢБЕКТЕН БАСТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған сапары кезінде жас экобелсенділерді қанаттандырып, жігерін жандырды. Президент іссапар кезінде Түркістан қаласының экобелсенділерімен бірге ботаникалық бақта тал егу шарасына қатысты. Игі шарадан соң Қасым-Жомарт Кемелұлы олармен емен жарқын сөйлесті.

Өз сөзінде Президент «Отанды сүю осындай адал еңбектен, пайдалы жұмыстан басталады. Еліміздің әрбір азаматы еңбекқор болуы керек. Баршаңызды қолдаймын, мақтан тұтамын. Өскелең ұрпақ – біздің үмітіміз, еліміздің болашағы. Біз ардагер болып мәңгі билікте отырмаймыз. Менің ең үлкен мақсатым – жастарға жол беру», — деді Президент Түркістан жастарына.
Өз сөзінде мемлекет басшысы жастарға жол беруді құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көрсеткісі келетінін, сондықтан да президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді енгізгенін айтты.