СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫ ҚАНДАЙ МҮЛІККЕ САЛЫНАДЫ?

Қазақстан кейбір қазба байлық қоры бойынша әлем елдерінің көшін бастайды. Оны өндіру бойынша да көштен кейін емес. 

Дегенмен оның игілігін ел халқы түгел көріп отыр деуге келмейді. Оны мына дерекпен түсіндіруге болады. KPMG сияқты халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанның жарты байлығы 162 адамның қолында жинақталған.
Ал халқымыздың жартысының айлығы 50 мың теңгеден аспайды. Яғни ондай адамдардың жылдық табысы 1300 доллардан сәл ғана жоғары. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Ел президенті айтумен ғана шектелген жоқ. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сән-салтанат үшін салық төлеу бастамасын көтерді. Ал мұндай салық кімдерге және қандай мүлікке салынатыны енді белгілі болып отыр.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сән-салтанат үшін салынатын салық турасында тарқата айтты. Нақтырағы «Сән-салтанат нысаны белгілі бір жоғары құны, кей жағдайда инвестициялық құны болады. Құнына байланысты градация жүргізіледі. Шартты түрдегі мысалмен айтар болсақ, бұл — яхталар, спорттық көліктер, шетелдегі виллалар, жеке ұшақтар. Міне, дәл осыларға сән-салтанат салығы салынатын болады» деді министр.