АСТЫҚ ПЕН ҰН ЭКСПОРТЫНА САЛЫНҒАН ТЫЙЫМДЫ АЛЫП ТАСТАУ ҰСЫНЫЛДЫ

бастама отандық өндіріске қалай әсер етеді?

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев астық пен ұн экспортына енгізілген шектеулерді алып тастауды ұсынды. Қош делік, ішкі нарықтағы жағдай тұрақты болса, айтарымыз жоқ еді. Әйтсе де базардағы баға құбылып, ұн бағасы өсіп жатыр. Мұндайда отандық өнімді шетел асыру қаншалықты орынды болмақ?
Бәрін басынан баяндйық. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өзінің Facebook парақшасында «Қыркүйекте қазақстандық астық пен ұнға шетелдік нарықтар қайтадан ашылуы мүмкін. Олай дейтінім, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға бидай мен ұнды шығаруға енгізілген шектеу шараларын алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Біздің бұл бастамамыз келесі аптаның басында комиссия отырысында талқыланады» деп жазған еді. Оның сөзінше, бұл шектеулер ең алдымен, күрделі халықаралық жағдайды ескере отырып, ішкі нарықта азық-түлік дағдарысын болдырмау мақсатында қолға алынған. Ал қазір жағдай өзгеріп отыр. Нақтырағы, бүгінгі бидайдың жалпы түсімінің оптимистік болжамы шамамен 13 млн тонна көлемінде болады деп болжануда. Бұл — өткен жылдың көрсеткішінен едәуір көп. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге астық пен ұнды шетелге шығаруға рұқсат беру орынды. Себебі былтырғы қалдықтарды қоса есептегенде, биылғы өнім қазақстандық және экспорттық нарыққа да жетеді. Ал бізге белгілі ақпарат министрдің сөзімен үйлеспейді.
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында ұнның бағасы жыл басынан бері 26,7 пайызға қымбаттағанын жазғанбыз. Ал мұны сарапшылар шетке кетіп жатқан астық экспортымен байланыстырады. Яғни, шетел асатын астық көлемі жыл сайын артып бара жатыр. Сәйкесінше, шаруалардың өзге елдердің нарығына кіруі еліміздегі тапшылыққа себеп отыр. Мұны мына статистикамен түсіндіруге болады. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздегі 2300-ден асып жығылатын ұн тартатын кәсіпорындардың 174-і ғана қалған. Осындайда министрдің бұл ұсынысы қаншалықты орынды деген заңды сауалдың туындайтыны хақ. Ұн экспортына қарсылығымыз жоқ. Ал Украина мен Ресейдің арасындағы жағдайдан кейін астық тапшылығы айқын сезіліп отырған нарық көп. Бұл жағдай тағы да еліміздің ішкі нарығындағы астық тапшылығын тудыруы бек мүмкін. Министрлік әзірге астық емес ұн экспортына басымдық беру мәселесіне айрықша назар аударып отырғанға ұқсамайды. Отандық кәсіпорындардың әлденеше есе азаюы да жауапты шенділерді алаңдатып жатқан жоқ тәрізді. Қысқарған өндірістің артында жұмысы мен тұрақты табысынан айырылған ағайынның көбі бесенеден белгілі. Бұл мәселе қашан шешіледі? Тағы да мемлекет басшысы араласпаса, ахуал оңалмай ма? Басы ашық сауал. Жауап жоқ.