ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Қымбатшылық тақырыбы қанша қозғалғанымен, нарықтағы бағаның қалыпқа келіп жатқаны байқалмайды. Аталған мәселе биік мінберлерден де көтерілді. Жауапты шенділер сөгіс алды. Министр де қызметінен кетті. Ал базардағы бағада ешқандай өзгеріс жоқ. Керісінше, қымбаттағанын аңғаруға болады. Бұрындары жауапты шенділер шеттен келетін тауарлардың қымбаттауын логистикалық тізбектің бұзылуымен түсіндіретін. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жасақталып, баға бақылауда екенін де қанша айтты. Әйтсе де шынайы өмірдегі жағдай тағы да өзге болып шықты.

Energyprom.kz мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 16 тамызына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде 19 тауар түрі бір аптада 0,2 пайызға, ай басынан бері 0,4 пайызға, бір жылда 18,1 пайызға қымбаттаған. Өңірлерге ойыссақ, ең жоғары өсім 21,2 пайызбен Ақтауда, 20,5 пайызбен Жезқазғанда және 20,4 пайызбен Оралда тіркеліп отыр. Ал ең төменгі өсім 15,8 пайызбен Қостанайда, 16,8 пайызбен Петропавлда және 17,8 пайызбен Қарағандыда байқалады. Дегенмен мұның өзі салыстырмалы түрде жоғары өсім болып отыр.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде ең көп қымбаттағаны – қант. Бағасы бірден 92,7 пайызға өскен. Аталған мәселені мемлекет басшысы да бірнеше рет көтеріп, жауапты шенділерге сөгіс те берді. Міне, осыдан кейін ғана жаттанды жауаппен ғана шектелген шенділер іске кірісіп, қант қызылшасын өсіретін шаруалармен кездесті. Мәселелерін тыңдап, тиісті шараларды көрді. Әйтсе де мұның нақты нарыққа ықпалы әлі де байқалмайды. Тағы да уақытың еншісіне қалдырудан басқа амал жоқ. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын дүкендердегі қантқа деген сұраныс жоғары. Себебі базардағы бағаны баршаның бірдей қалтасы көтере бермейді.
Сонымен қатар пияз 55,5, қарақұмық 26,5, тауық еті 23,5 және өлшенбелі рожки 23,2 пайызға қымбаттаған. Ал сәбіз мен қырыққабат өткен жылғы көрсеткішпен есептегенде 19 және 6,7 пайызға арзандап отыр. Жалпы, биылғы жылдың шілде айында азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 1 пайызға, жыл басынан бері 16,9 пайызға және бір жылда 19,7 пайызға өсті. Бір айда ең көп қымбаттаған өңірлердің қатарына 2 пайыздық өсіммен Павлодар, 1,9 пайызбен Ақмола және 1,7 пайызбен Абай облыстары кірді. Азық-түлік тауарларының кіші топтарына келетін болсақ, шілде айының қорытындысы бойынша, бағаның бір айдағы ең көп өсуі нан өнімдері мен жармада байқалды. Жалпы алғанда аталған өнімдер 2,9 пайызға қымбаттаған. Ет және ет өнімдерінің бағасы — 1,4, балық және теңіз өнімдері — 1,3, сүт өнімдері — 1,7, жұмыртқа — 2,4, май мен тоң май — 1,4, қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдер — 4,3 пайызға өскен. Сонымен қатар жеміс-жидек пен көкөністің маусымдық жаңа бағалары күтілгендей 4,3% төмендеді.
Қош делік, өзге тауарларды былай қойғанда, әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы да шарықтап бара жатыр. Себепті шенділер түрліше түсіндіреді. Мәселенің салдарымен емес себебін күресті қолға алмасақ, нарықтағы бағаның құбылғаны құбылған. Отандық өнім өндірісінің төмендеп, импорттың үлесі артып келе жатыр. Мұны газетіміздің бұрынғы сандарында да жаздық. Ал бұл әзірге жауапты министрлікті толғандырмайтын тәрізді…