САРЫ МАЙДЫҢ ӨНДІРІСІ АЗАЙЫП, БАҒАСЫ ӨСКЕН

импортқа иек арту азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етпей ме?

Биылғы жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында еліміздегі сары май өндірісінің көлемі 13,9 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайызға аз. Ал былтыр өндіріс көлемі 31,9 пайызға көбейген болатын. Нәтижесінде биыл нарықтағы сұраныс артып отыр. Соның салдарынан баға 15 пайызға қымбаттап шыға келген. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.

Сары май бағасының ең көп өсімі Маңғыстау облысында тіркеліп отыр. Өңірде жыл басынан бері аталған азық-түлік түрі 29 пайызға бір-ақ қымбаттаған. Осы орайда, отандық өндірушілердің ішкі нарықты қамту көрсеткіші де төмендегенінен айта кету керек. Былтыр отандық май зауыттары сары майға деген сұраныстың 83,6 пайызын қанағаттандырса, биыл көрсеткіш 71 пайыз шамасында. Осының салдарынан импортқа деген тәуелділік күшейген. Мұны бір жыл ішінде шеттен келетін сары майдың 83,5 пайызға өсуімен түсіндіруге болады. Қазіргі уақытта импорттаушылардың үлесі 16,4 пайыздан 29 пайызға ұлғайып отыр. Бұдан бөлек, жыл басынан бері еліміздің ішкі нарығында сары майдың сатылымы да 19,9 пайызға өсіп, 12,5 мың тоннаны құраған. Ал еліміздегі өндірістің азаюы есебінен экспорт көлемі де 4 есеге яғни 541,5 тоннаға дейін төмендеген.
2022 жылдың шілде айының соңында тұзсыз сары май бағасы бір айда 1,2 пайызға, бір жылда 17 пайызға өсті. Ал жыл басынан бергі баса өсімі 14,7 пайыз шамасында. Нақты бағаға келсек, шілдеде тұзсыз сары майдың бөлшек саудадағы бағасы келісіне 3,3 мың теңгеге жетіп отыр. Дегенмен өңірлерде баға түрліше құбылып тұр. Мәселен, Павлодарда келісі 2,7 мыңнан саудаланса, Атырауда 4,3 мың теңгеден сатылуда. Жоғары өсім Маңғыстау облысымен қатар 26,7 пайызбен Шымкентте, 26,4 пайызбен Таразда тіркеліп отыр. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында сары май бағасы аса қымбаттамаған. Көрсеткіш өзге қалалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Қорыта келгенде, отандық өнім өндірісінің қысқарғаны ішкі нарықтағы импорттық тауарлардың көбеюіне әкеліп отыр. Дәл бұлай жалғаса берсе, болашақта бағаны бақылау қиындай түспек. Бұл тек сары маймен ғана шектеліп жатқан үдеріс емес. Өзге тауар түрлері бойынша да өндіріс азайып, нарықтағы баға құбылып барады. Ал жауапты министрлік тарапынан отандық өндірісті дамыту мен қолдауға қатысты тың бастама әлі көтерілген жоқ. Қанттың жағдайын реттегенімен, қалған тауарлар қымбаттап барады. Ішкі нарықтағы отандық өнімнің орнын шеттен келетін тауар басса, азық-түлік қауіпсіздігі турасында сөз қозғаудың өзі артықтау секілді. Қош делік, мәселенің аяғын күткеннен басқа амал жоқ…

Ж.БАЛАУСА.