«АШЫНҒАННАН ШЫҒАДЫ АЩЫ ДАУСЫМ»
іс неге созбалаңға салынып отыр?
Редакциямызға оқырмандар тарапынан сан түрлі хаттар келіп түседі. Бірінде заңға томпақ келетін жайттар баяндалса, енді бірінде әділетсіздік құрбаны болған азаматтардың жанайқайы жазылады. Әділдік таппай талай табалдырық тоздырған жандардың оқиғасын оқып, бей-жай отыра алмасың тағы белгілі. Бәлкім, оқиғаның анық-қанығын ашып айтар адам болмағандықтан да, мұндай жағдайлар жиілеп бара жатқан болар. Көз жұмулы, құлақ тарс бекітулі болса, жауапты мамандар жауаптан жалтарып, жалғанды жалпағынан басып жүрсе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстанның» ауылы алыс деген сөз. Бүгінгі материалымызға да келіп түскен хат себеп болып отыр. Әділдік іздеп, шарқ ұрған азаматтың жайын жазып, мәселені бүкпесіз баяндамақпыз.
Бүгінгі материалымызға жер мәселесі себеп болып отыр. Әділдік іздеп шарқ ұрған азаматтың сенімхат бойынша өкілі Рүстем Балқыбеков хатта мәселенің тамыры тереңнен басталғанын баяндайды. Атуынша, Тассай ауылдық округі әкімінің 2006 жылдың 18 ақпанындағы №1255 шешімі негізінде С.Қ.Ыбырайымға «сауда орталығын салу үшін» бұрынғы ОҚО, Сайрам ауданы, Тассай ауылдық округі, Тұран ауылы (қазіргі Шымкент қ.,Тұран ш.а.) мекенжайы бойынша орналасқан жекеменшік құқығындағы №19-295-187-2907 кадастрлық нөмірімен 0,6 га жер телімі берілген. Бертін келе, нақтырағы, 2018 жылы С.Қ.Ыбырайымның қаза болуына байланысты Оңтүстік Қазақстан нотариаттық округінің нотариусымен заңды түрде ресімделіп, жер телімі 2018 жылдың 7 ақпанында оның жұбайы Б.Д.Ыбырайымға өтеді. Алайда Шымкент қаласы жер кадастры филиалының жауабында Шымкент қаласы Тұран шағынауданында орналасқан жер учаскесінің мұрағаттық ісі табылмағандығы айтылып, орындауға мүмкіндік жоқ екенін және сотқа әрі қарай жүгінуге болатыны баяндалады. Осыған байланысты, 2018 жылдың 9 қыркүйегінде сотқа талап арыз беру мақсатында Бибігүл Дарханқызы азамат Байтасов Темірбек Төрекелдіұлына осы жер теліміне қатысты барлық құжаттарды, яғни жер учаскесіне мемлекеттік актінінің түпнұсқасын ұсына отырып, сотқа қатысуға, мүдделерді үш жылға қорғауға сеніп, сенімхат береді. Ал аталған азамат түрлі себептермен бұл дауды бір жыл үш айға созып жіберген. Ешқандай нәтиже болмағаны бесенеден белгілі. Бұдан бөлек, мемлекеттік актінің түпнұсқасы да қайтарылмаған. Себебін сұрағанда ол аталған актіні Шымкент қаласының жер қатынастары бөліміне бергенін, ал олар құжатты жоғалтқанын айтып сендірген. Бір сөзбен айтқанда, істі жүргізбеген. Хат иесінің мәлімдеуінше, Темірбек Байтасов сотқа берген талапты қараусыз қалдыру үшін қарсы әрекет еткен.
Іс мұнымен бітпейді. 2019 жылдың қазанында тағы да сотқа жүгініп, 2020 жылдың 5 маусымында сот шешімі алынады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін Шымкент қалалық кадастрлық филиалына қажетті құжаттар қоса беріліп, сот шешімімен осы құжатқа сәйкес жерге орналастыру актісі, яғни зерттеу акті шығарылады. Кейіннен ол Шымкент қаласының жер комитетіне орындауға жіберілген. Алайда жер қатынастары басқармасы жер кадастр ісін бекітуден бас тартады. Яғни жер телімінің құжаттары рәсімделмейді. Бұл туралы хат иесі былай дейді «Мен бұл заңсыз әрекеттерге Байтасов Темірбектің кері әсері бар екеніне күмәнім жоқ (кейін Байтасов Темірбек Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімінде жұмыс істеп, 2021 жылғы 02 ақпанда Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына қатысып, онда біздің соттың шешіміне дау айтуға тырысқаны белгілі болды. Осы жер дауына байланысты іс қараусыз қалдырылды), себебі қылмыстық сипаты, арам пиғылы көрініп ақ тұр. Осы мәселелерді реттейміз деп жүрген уақытта, 2021 жылы «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ аукционға осы жер телімінің орналасқан орнын шығарып, сауда-саттық өткізеді, ол 09.04.2021 жылғы хаттама нәтижесі бойынша азамат А.Б.Махатовқа сатып жібереді».
Нәтижесінде арызданушы тараптың шағымына қарамай, жоғарыда көрсетілген орган сатып алу-сату шартын, хаттама нәтижелерінің күшін жоюдан бас тартады. Амалы таусылған азамат ҚР АШМ жанындағы жер ресурстарын басқару комитетіне хат жазады. Тексеру де жүргізіледі. Нәтижесінде аукционның заңды түрде өткізілмегені белгілі болады. Десе де бұған да назар аударылмаған. «Тағы бір айта кететін жәйт, біз жер қатынастары бөлімінің басшыларынан бірнеше рет жауап алған кезде, басшылар Бөрібеков Нұрғали атты маманға мән-жайлар туралы сұрақ қойды. Байқағанымыз – Бөрібеков Нұрғали осы жер дауының мән-жайын жетік білетіні. Н.Бөрібеков және Т.Байтасовпен (бұрынғы сенімді өкілім) 2015-2017 жылдар аралығында Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасында бірге жұмыс істеді. Сонымен бірге өткізілген аукционға қатысқан екі азаматтың біреуі – Айдаров Кенжебек Әмірұлы деген кісі (ол Бөрібеков Нұрғалидің жақын досы, Шымкент қаласы жер қатынастары басқармасында жұмыс істеген және марқұм жердің иесі Ыбрайым Серікпен Сайрам аудандында бірге қызмет істеген. Яғни, Ыбрайымның қайтыс болғанын жақсы біледі және мұрағаттағы жер кадастр ісінің түп нұсқасының жоғалуына да қатысы бар болуы мүмкін деген күмән тудырады)» дейді хат иесі.
Арызданушы тараптың күдігін тудырған тағы бір жайт бар. Атап айтсақ, Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімінде жұмыс істеген Жамбыл есімді жігіт жер телімін өлшеген. Нәтижесінде аталған жердің бір бөлігі қызыл сызыққа, жолға түсіп тұрғанын айтқан. Осы тұста бірнеше сауал туындайды. Бұл маман жерді қандай құжатқа сүйеніп өлшеген? Біреудің иелігіндегі жерге қандай негізде өлшеу жүргізеді? Арнайы инженерлік білімі бар ма? Өлшеу жұмыстары бұл маманның құзыретіне кіре ме? Осы және өзге де сауалдарды маманға қойғанда, нақты жауап бере алмағанының өзі көкейде біртүрлі күдік тудырады.
Хат иесінің айтуынша, осы және өзге де басы ашық сауалдар күдік тудырғаннан кейін Ибрагим Бибігүл Дарханқызы заңгерлердің көмегіне жүгініп, «Әділет консалтинг групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестімен цифрлық келісімшарт жасауына тура келеді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының МАӘС-не әкімшілік арыз беріліп отыр. А.Махатовтың жер кадастрына мемлекеттік акт дайындауды міндеттеу туралы әкімшілік талап-арызы қайта қарастырылуда. Бұдан бөлек, Ибраим Бибігүл Дарханқызының уәкілетті өкілі Балқыбеков Рүстем Темірбекұлы Шымкент қаласы ІІБ Тергеу басқармасының сотқа дейінгі тергеу бөлімшесіне Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты шағым түсірген. Десе де еgov порталы арқылы жіберілген арыз тергеушіге әлі келмеген, тергеу бөлімі бастығының орынбасары С.Беркімбаевтың жолдаған Қанат есімді тергеушісі ол арызды алмағанын айтқан. Өтініште көрсетілген ережелер тергеушінің назарына әлі жеткізілмегені және талаптар сақталмайтыны, сондықтан өтініш берушінің заңды мүдделері бұзылғаны көрініп тұр. Яғни, бұл тергеу әлі басталмаған және жүргізілмегенін айғақтайды. Заңды түрде құқығын қорғағысы келген тарап істің қайта-қайта тоқтатылып жатқанына да наразы. Айтуларынша, аталған іс бойынша Байтасов Темірбек пен Айдаров Кенжебектен жауап алынбаған. Ең қызығы, істі шатастыратын Жер кадастры басқармасы ақпараттың екі түрін ұсынады, атап айтқанда, жер-кадастрлық құжаттамаға АИС МСП графикалық деректеріне сәйкес басқарма қол қояды, ал Шымкент қаласының әкімдігі басқа ақпаратты ұсынады. Ал мұның баршасы тергеуші тарапынан ескерілмей отыр.
Әділдік іздеген тарап Шымкент қалалық прократурасына да жүгінген. Нәтижесінде шағым ішінара қанағаттандырылған. Яғни прокуратура қылмыстық істің заңды екендігіне келіскен, алайда қылмыстық істі қысқарту туралы қаулының күшін жою туралы шешім қабылданбаған. «Шымкент ПД тергеушілері С.Тутаев пен К.Арипқожа Шымкент прокуратурасының қызметкері тарапынан заңсыз араласуларға жауап берген жоқ. Сонымен қатар олар маған прокуратура қызметкерінің қылмыстық істерді тоқтату үшін қысым көрсетіп жатқанын және тегі мен атын жасырғанын, яғни прокуратураның осы қызметкерлерінің деректерін беруден бас тартқанын айтты. Ибраим Бибігүлдің құқықтары қорғалмағандықтан және қылмыстық іс Кодекске сәйкес шешілмегендіктен, топ заңсыз жер саудасы үшін жауапкершілікке тартылмаған, аукционның заңсыз өткізілгені өз дәрежесінде тексерілмей, қаралмай отыр» деп ашынады хат иесі.
Жасыратыны жоқ, кейде ақпараттың ашық айтылмауынан да түсініспеушіліктер орын алып жатады. Ал енді жаза басып, заң талаптарынан аттаған жандар болса, айыбын өтеуге міндетті. Бұл – әділетті қоғамды құрудың ең бірінші баспалдағы. Ащы дауыс ашынғаннан шығады. Ал заң бәрін ретке келтірді, әрбір азаматтың құқығын қорғауды көздейді. Сөз жоқ, әлдекімді айыптап, жазықты етпек ниетіміз жоқ. Біздің қалауымыз – істің терең зерттелуі мен мәселе шешімінің табылуы. Аталған түйткіл жауапты сала қызметкерлерін бей-жай қалдырмайды деген сенімдеміз…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.