ЕЛІМІЗДЕ КӨМІР ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов ел аумағында көмір бағасы қымбаттауы мүмкін екенін айтты. «Ауа райының суытуымен бірге көмірге сұраныс та артып келеді. Шамамен қыркүйектің аяғы мен қазан айының басында күн суытады деген болжам бар. Тиісінше, көмір бағасы да өсуі мүмкін» деді ол.

Десе де спикердің айтуынша, баға 1,5-2 есеге күрт қымбаттамайды. Көмір өндіретін орыннан алыста орналасқан өңірлерде қатты отынның құны өсуі мүмкін. «Қазіргі уақытта бір тонна көмірдің орташа бағасы 9-дан 14 мың теңгеге дейін жетеді. Кей облыстар мысалы, Қарағанды, Павлодар облыстары көмірді разъездерден тікелей алғандықтан 7-8 мың теңгеге алады», — деді Ілияс Оспанов өз сөзінде. Жалпы оңтүстік өңірлерде көмір бағасы қымбат. Мұны комитет төрағасы да растап отыр.
Жыл сайын күн суыған уақытта қатты отынға деген сұраныстың артары белгілі. Сәйкесінше, баға да өседі. Дегенмен жауапты шенділердің жауабы жоғарыдағыдай. Нақты қаншалықты өсерін уақыт көрсетеді. Алып-сатарлар бағаны аспандатса, қандай шара көрілері де әзірге белгісіз…

«Уақыт».