СЫРДЫҢ КӨРКІ – ТОРАҢҒЫ
Дәл осындай ұранмен Түркістан облысындағы «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркінің Сырдария филиалының ұйымдастыруымен арнайы шара өткізілді. Шара барысында өңірлік парктің Сырдария филиалының инспекторлары Арыс, Шәуілдір орманшылықтарына іргелес жатқан елді мекендер тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Түсіндірме жұмысы аясында арнайы дизайнмен жасалған А3 форматындағы 300 дана үнпарақ Аққұм, Аққала, Онтам, Шөгірлі, Қожатоғай, Байтоғай ауылдары мен Арыс қаласының адам ізі суымайтын орындарына ілініп, жапсырылды. Сонымен қатар Байырқұм, Шардара орманшылықтарының аумағы маңындағы елді мекендеріндегі көпшілік көп жүретін орындарға насихат парақшалары жапсырылып, тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік паркі 2012 жылы құрылған. Парк аумағына Сырдария өзені мен Арыс өзенінің екі жағалауы мен Боралдай жотасының ландшафтары енеді. Паркті құрудағы мақсат – Сырдария және Арыс өзендерінің жағалауы мен Боралдай жотасының ландшафтарын табиғи түрде сақтау, ондағы өсімдіктер, жануарлар дүниесін экологиялық ағартушылық, ғылыми, туристік мақсатта тиімді пайдаланып қорғау.
«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік парк аумағында өсімдіктердің шамамен 850 түрі кездеседі. Олардың 42 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Атап айтсақ, зеравшан аршасы, семсершөп, корольков шаяноты, кавказ таудағаны, крейга қызғалдағы, кәдімгі пісте, сиверс алмасы, қазақстандық қоғажай т.б.
Сондай-ақ, сүтқоректілердің шамамен 46 түрі мекендейді. Олардың бесеуі еліміздің «Қызыл кітабына» енген. Олардың қатарында тас сусары, арқар, Үнді жайрасы, ақ бауыр жарқанат, кеңқұлақты жарқанат бар.