ФОТОКӨРЕМЕДЕН КҮТЕР НӘТИЖЕ КӨП

Өткен айларда Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен «Парктер шеруі -2022» табиғатты қорғау акциясы басталған болатын. Шараның мақсаты – қоғамның барлық өкілін қоршаған ортаны қорғауға қатысуға шақыру, оларды патриотизмге тәрбиелеу болып табылады.

Осы акция аясында Түркістан облысындағы «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркі бірқатар іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда өңірлік парк шілде айының басында Түркістан қаласында орналасқан «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» аумағында «Парктер шеруі-2022» атты табиғат қорғау акциясының ашылуын өткізді. Іс-шара барысында өңірлік парктің тынысын көрсететін фотокөрме болды. Қала қонақтары мен тұрғындарына ұсынылған фотосуреттер А3 форматындағы ПВХ материалында шығарылды.
Фотокөрмеге өңірлік табиғи парктің әсем көрінісінен сыр шертетін суреттер ұсынылды. Мәселен, Бұхар бұғылары, қырғауылдар мен өзен-көлдер. Сонымен қатар еліміздің «Қызыл кітабына» енген қызғалдақтардың суреттері қойылды. Іс-шараға келушілерге қоршаған ортаны қорғауға шақыратын үнпарақтар таратылды. Табиғатты аялау туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Жер бетінен жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қорғау – адамзаттың міндеті. Бұл ретте өңірлік парктегі экологиялық туризмді дамытудың рөлі зор. Мұны жолға қою үшін фотокөрменің берер нәтижесі мол.