ӨЗЕННІҢ ӨМІРІ АҒЫСТЫ БОЛСЫН ДЕСЕК…

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округі әкімдігі Боралдай өзенін ерекше назарда ұстайды. Тиісті мекеме өзеннің өмірі өзекті мәселеге айналмауы жергілікті тұрғындардың тазалыққа жіті мән беруімен тығыз байланысты екенін алға тартады. Осы мақсатта Боралдай ауылдық округі әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тұрғындар мен өзен жағалауына келіп демалушыларға арнап жазба жолдайды.

Онда қоршаған ортаны таза ұстау адам өміріне тікелей әсер ететінін, таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялататынын еске салады. Табиғаттың сұлулығын көрсету тазалықты сақтаудан басталатынын, сол үшін де әр жыл сайын көктем, жаз, күзде ауылдық округте тазалық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, сенбіліктер болып тұратынын еске салған Боралдай ауылдық округі әкімдігі ауылдың әр азаматы өз үйінің айналасындағы өсіп тұрған тікен, мал малақтарды, шашылып жатқан түрлі қалдықтарды жинап, шарбақтарын түзетіп, сырлап, ақтауға үлкен мән берулерін сұрайды.
Бұл өте маңызды. Себебі ауылдық округке қарасты елді мекендерден Боралдай өзені өтеді. Жыл сайын өзен жағалауына келіп, демалушылар саны көбейіп келеді. Бірақ олардың бәрі тазалықты сақтай бермейді. Ал тазалық шараларын жүргізуге жұмысшылар да, уақыт та жетіспейді. Сондықтан да өзен жағасында ауаның жұпарын жұтуға келгендердің санитарлық талаптарды сақтауы аса маңызды екенін ескертеді.