САЙРАМ-ӨГЕМ – ӨЛКЕМІЗДІҢ АЖАРЫ

Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағындағы тексеру бақылау бекеттеріне кіру үшін төлемдер жасау жеңілдеді. Енді ұлттық парк аумағына келушілер Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы тиісті төлемдер жасай алады. Бұл туралы парктің ресми сайтында жазылған.

Төлемді жасау үшін аталған қосымшаға кіріп, Төлемдер→Іздеу(поиск)- Сайрам-Өгем ұлттық паркі эко-бекеттері деп жазамыз. Ары қарай Эко-бекетті таңдаймыз, астыңғы бөлігінде Билеттің түрін таңдаңыз дегенге кіріп, Жаяу жүргіншілер үшін және Автомобильшілер үшін батырмасын таңдау қажет. (өз мәртебеңізге қарай)
Ең төменгі бөлігінде адамдар саны жазылады. Осыған байланысты Kaspi.kz қосымшасы автоматты түрде кіру ақысын есептейді. Алдағы уақытта барлық тексеру бақылау бекеттеріне QR қосымшасы жіберілетін болады.
Айта кетейік, «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында 11 тексеру-бақылау бекеті жұмыс істейді. Бақылау бекеттерінің төртеуі Төлеби филиалында, төртеуі Түлкібас филиалында және үшеуі Өгем филиалында орналасқан.
«Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» «Түркістан облысы жекелеген мемлекеттік мекемелерінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 қаңтардағы № 52 қаулысымен Өгем, Төле би, Түлкібас орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерін қосу жолымен құрылған.
Парктің негізгі мақсаты – бірегей Батыс Тянь-Шаньның ландшафтарын табиғи түрде сақтау. Сондай-ақ, табиғи кешендер мен мемлекеттік табиғи-қорықтық қор нысандарын, экологиялық ағартушылық, ғылыми, туристік мақсатта сақтау.
Ұлттық парк аумағының жалпы ауданы — 149037 га құрайды. Республикалық деңгейде қорғауға алынған парктің территориясына Түркістан облысындағы Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарының табиғаты ең көрікті орындары енеді.
Ұлттық парк аумағы Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының таулы аймақтарын қамтыған Қаратау жоталарының Боралдай тауынан басталып, Құлан, Шақпақ асуымен Иірсу, Дәубаба, Өгем, Қаржантау сияқты табиғатымыздың әсем жерлерімен ұласады.
«Сайрам-Өгем» ұлттық паркі – Түркістан өлкесінің ажары. Батыс Тянь-Шань тауының Қазақстан бөлігіндегі аумағы енетін паркте алуан түрлі өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау, күзету, көбейту шаралары жүзеге асып келеді.
Паркке бекітілген жер көлемінің 55589,4 гектары қорық аймағына, 60628 гектары шектеулі шаруашылық аймағына, 19711 гектары туристік және рекреациялық аймағына, 13124,6 гектары экологиялық тұрақтандыру аймағына жатқызылған.
Ұлттық паркте тіршілік негізі саналатын өсімдіктердің 1635 түрі өседі. Өсімдіктердің 62 түрі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Табиғат өкпесі саналатын орманмен көмкерілген жерлер 27,5 мың гектарды алып жатыр. Орман құраушы ағаштардың басым бөлігі арша және жемісті ағаштар болып табылады. Парктегі тау беткейлері мен шатқалдарының көркі 600-800 жыл жасайтын зеравшан аршасы және жабайы алма, өрік, алша, алмұрт, т.б. ағаштар. Тау өзендерінің бойында терек, долана мен шаған сияқты ағаштар өседі. Сонымен қатар жемістері дәруменге бай итмұрын, бөріқарақат, қожақат, шырғанақ бұталары өседі. Ал Көкбұлақ, Машат өзендерінің беткейлерінде аса бағалы жабайы тау пістесі мен жабайы жүзім кездеседі.
Биік белдеулерде, жоталарда шипалылығы әлтүрлі дәрежедегі 200-ге жуық дәрілік өсімдіктердің мол қоры бар.
Парктің орман қоры жануарлар дүниесіне бай. Онда негізінен сүтқоректілердің 10 түрі, құстардың 30 түрі сирек және жойылып бара жатқан жануарлар ретінде еліміздің «Қызыл кітабына» енген. Олардың қатарында арқар, Тянь-Шань аюы, Мензбир суыры, Түркістан сілеусіні, қар барысы, үнді жайрасы, тас сусары бар. Ал құстардан ақ және қара ләйлек, бүркіт, сақалтай, дуадақ, көк құс, лашын, ителгі бар. Мұның ішінде терісі мен еті бағалы Мензбир суыры тек Өгем, Қаржантау тау жоталарында ғана мекендейді. Сондықтан ол халықаралық табиғат қорғау ұйымының «Қызыл кітабына» енгізіліп, айрықша қорғауға алынған.
Соңғы 30-40 жылда кездеспей жүрген қар барысының да аталығы мен аналығы Өгем тауының Мақпал көл жағасында пайда болғандығы парк мамандарымен анықталып, бейнетаспаға түсіріп алынған.
Парк аумағында 7 туристік соқпақтардың паспорты дайындалған. Құжат еліміздің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығымен бекітілген. Туристік соқпақтардың жалпы ұзындығы 604 шақырымға жалғасады. Оның ішінде 187 шақырымы жаяу болса, 231 шақырымы аттылы болып табылады. Ал автомобильді бағыттың ұзындығы 186 шақырымға жетеді. Барлық бағыттар серуендеу, танымдылық және спорттық-сауықтыру мақсатына бағытталған.