ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛҒАН ОТБАСЫҒА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Әлеуметтік қолдау халықтың ең әлсіз топтарының өмірін жақсартуға бағытталған. Ол қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді, кедейшілік деңгейін төмендетеді және экономикалық тұрақтылықты арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, осындай қолдаудың арқасында азаматтардың мүмкіндіктерін теңестіруге жағдай жасалады, бұл өз кезегінде қоғамның жалпы дамуына ықпал етеді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау жүйелі түрде жетілдіріліп, әртүрлі әлеуметтік топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жаңартылып отырады.
Осы орайда, Түркістан қаласындағы «QAMQORLYK» отбасын қолдау орталығына қиын өмірлік жағдайдағы аз қамтамасыз етілген көпбалалы ана жүгініп, отбасылық жағдайын түсіндірді. Тәртіпке сәйкес, отбасымен келісім жасалып, отбасының тұрмыстық, экономикалық жағдайы зерделенді. Әлеуметтік карта түзіліп, өзекті мәселелері бойынша тиісті сүйемелдеу қызметі көрсетілуде. Кірісі кедейлік шегінен төмен болғандықтан, қыстың суығында үйлерін жылытуға қажетті көмір мен жылы көрпе-төсекке мұқтаж екендігі анықталды. Шұғыл әлеуметтік қолдау шараларына айналамыздағы қайырымды жандар мен демеушілер тартылып, бұл отбасыға 2 тонна көмір, үйге қажетті көрпе-төсек, азық-түлік және балаларға арнайы сыйлықтар жеткізілді. Бұдан бөлек, ең маңызды мәселесі отбасындағы жасөспірім екі баласымен қарым-қатынасын жақсарту мақсатында орталықтың білікті психолог мамандарымен тиімді психологиялық қызмет көрсетілді.
Отбасы Үкіметтің осындай қиын өмірлік жағдайда қолдау шараларын ұйымдастырып, сүйемелдейтін ұйымның құрылуына ризашылығын білдіруде. Әрине әр адамның қолынан келе бермейтін осындай игі іске үлес қосқан барша қайырымды жандарға алғыс айтылуда. Өмірдің қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсетемін деген қайырымды жандар Түркістан қаласы, Жаңа қала, 15 көше, 18/1 «QAMQORLYK» орталығына хабарласуға болады.