АЛАЯҚТАР ҚОҢЫРАУ ШАЛАТЫН ЖАЛҒАН НӨМІРЛЕР БҰҒАТТАЛАДЫ

Елімізде интернет және телефон арқылы алаяқтық жасау фактілері күрт көбейген. Мәселен, 2016 жылы 1 мың дерек тіркелген болса, 2021 жылы 21 мыңға бір-ақ өскен. Бұл жөнінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Енді аталған министрлік ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, алаяқтыққа қарсы іс-қимылдарды қолға алмақ. «Қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады. Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастырып жатыр. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді» деді Бағдат Мусин.
Ведомство басшысы ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен өткен кездесуде алаяқтарға және олардың айласына қатысты барлық мәлімет енгізілетін платформа құру бастамасы көтерілгенін де айтты. Дегенмен мұның баршасы мәселені түбегейлі шешпейтінін ұмытпаған абзал. Алаяқтардың амал-айласынан қаржылық және заңдық сауаттылық қана құтқара алады. Сондықтан аталған бағыттағы жұмыс күшейе түсуі қажет. Министрдің пікірі де осыған саяды.
«Уақыт».