АҚШ ПЕН ҚЫТАЙ ТЕКЕТІРЕСІ: ТАЙВАНЬ МӘСЕЛЕСІ ТАҒЫ КӨТЕРІЛДІ

Тамыз айы әлем жұртшылығының назарын аударған оқиғадан басталды. Нақтырағы, күллі жаһан оңтүстік-шығыс Азияға көз тікті. Мұның себебі де жоқ емес еді. Белді саясаткер АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің ұшағы Тайваньға келіп қонды. Ұшақтың бағыт-бағдарын онлайн режимде 600 мыңға жуық адам бақылап отырды. Бұл, өз кезегінде, тайваньдықтар мен қытайлықтардың бас ауруына айналды. Тіпті, ресми Бейжің саясаткер Тайваньға табан тірейтін болса, қол қусырып отырмайтындарын мәлімдеді. Күллі әлемді дүрліктірген сапардың саяси астары қандай? Тайвань мен Қытай арасындағы дау қашан басталды? Қазақстан қандай позиция ұстанып отыр? Тарқатайық…

Тайвань мен Қытайдың арасындағы даудың түбін тереңнен тартуға болады. Халқы мен мәдениеті, тұрмысы мен салты турасында әңгімелер болсақ, тіпті әріге кетеміз. Бірақ саяси тұрғыда әлемнің назарын өзіне аударған уақыт өткен ғасырдан басталады. Нақтырағы, дау екінші дүниежүзілік соғысқа дейін туған. Ал жаһанға алапат зардап әкелген соғыстан соң аяқталған. Мао Цзэдун бастаған коммунистер мен Чан Кайши бастаған гоминьдандықтар арасындағы соғыс ресми түрде 1927-1949 жылдар аралығында өтті. Дегенмен екеуінің ымыраға келген кезеңі де бар. Мәселен, 1932 жылы Жапонияның Қытайға басып кіріп, Манчжоу-го атты ел құрып, тағына бұрынғы император Пу Иді отырғызуы соғысушы тараптардың уақытша келісімге келуіне сеп болған еді. Десе де 1945 жылы Жапонияның тізе бүгуі соғысушы тараптардың қолын қайта қару алып, қанды шайқастарға себеп болған азамат соғысын бастауына түрткі болды. 1946-1949 жылдар аралығында болған соғыс барысында Чан Кайши әскері жеңіліс тауып, Тайваньға қашты. Ал Мао Цзэдун бастаған коммунистер материктік Қытайдағы билікті қолына алды. Рас, бастапқыда Мао бастаған топ Тайваньды басып алуды көздеген. Дегенмен АҚШ-тың араласуы һәм Корей түбігендегі соғыс өрті бұл әрекеттен бас тартуына себеп болды.
Осы тұста, АҚШ-тың мүддесіне тоқтала кетейік, бастапқыда Ақ үй Тайваньға салқындық танытқан. Дегенмен Корей түбегіндегі соғыста мүдде қақтығысы орын алып, АҚШ Тайваньның жағына шақты. Міне, осы уақыттан бастап Тайваньды ресми түрде мойындамағанымен, қолдау көрсетуді бір сәтке де естен шығармаған. Түрлі әскери қару-жарақтармен қамтамасыз етіп, қорғанысына мән беріп келеді. Арада бірнеше дағдарыс та болды. Әскери қақтығыстар да орын алды. Әйткенмен 80-жылдары саяси жылымық орнап, өзара бірнеше келісім де жүрген. Ол бойынша тараптар бір-бірінің саяси режиміне араласпайды. Алайда «біртұтас Қытай» принципін сақтайды. Тайваньда азаматтық қоғам дамыған, демократия өркендеген, адам құқықтары да жоғары деңгейде сақталады. Ал Қытайда бұл мәселелер түйткілді түйінге айналып отыр. Соңғы уақытта материктік Қытайда адам құқығының тапталуы мәселесі жиі көтеріліп келеді. Жекелеген ұлттарға көрсетіліп жатқан қысым турасында да әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып жүр. Мұның өзі елдің имиджіне кері әсер етіп жатқаны белгілі. Бәлкім, сондықтан да материктік Қытайдың билігі Тайваньды қолдайтындардың қатары қалыңдап кете ме деп қорқатын да шығар. Қазіргі уақытта Тайвань елімен 10-нан аса мемлекет дипломатикалық қарым-қатынаста. Дегенмен Қытаймен қандай да бір байланысы бар елдер Тайваньмен жақындасудан аяқ тартады. Себебі материктік Қытай аралды өз меншігі санап, түбі өздеріне қосылатынына сенеді. Арада үлкен кедергі де бар. Ол – АҚШ. Қазіргі уақытта Тайвань – әлемдегі чиптің 65 пайызын өндіретін электронды саладағы алпауыт. Сонымен қатар жартылай өткізгіштер өндіру бойынша да көштің басында келеді. Демек әскери технология саласында да елдің маңызы АҚШ үшін жоғары болуы бек мүмкін.
Қош делік, Нэнси Пелосидің оңтүстік-шығыс Азияға сапары турасында бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылды. Саясаткер баратын мемлекеттердің қатарында Тайвань аты аталмағанымен, жоспарда бары да жиі сөз болды. Бұл қытайлық саясаткерлердің де ашуын туғызды. Тіпті, ҚХР басшысы Си Цзиньпин де мұндай қадамға бару «біртұтас Қытай» қағидатына қайшы екенін ескерткен. Ол принцип бойынша арал елдің бір бөлігі саналады. Сәйкесінше, өзге мемлекеттердің ресми тұлғаларының сапарын ұйымдастыруға қақысы жоқ. Қала берді, Нэнси Пелоси — ҚХР үкіметін адам құқықтарын аяққа таптады деп айыптаған саясаткердің бірі. Тіпті, бұл тақырыпты жиі қозғап келген. Сондықтан Қытай бұл сапарға қарсы. Десе де мұны АҚШ үкіметі елемеген де сыңайлы. Мұны кей сарапшылар ресми Вашингтонның әлемдегі үстемдігін тағы да бір дәлелдейтін қадам болды деп есептейді. Спикердің сапарын сынағандар да, қолдаушылар да көп. Мәселен, танымал журналист Томас Фридман The New York Times басылымында арнайы материал да жариялады. Онда автор «Зейнетке шығуына аз қалған Пелосидің Тайбэйге сапары америкалық империяның үстемдік етуге деген құлшынысын анық аңғартқаны жасырын емес. Өзінің үстемдігін басқаша қалай көрсетуге болар еді? Мысалы, қарызға белшесінен батпай, дәулетті күй кешіп, әлемге үлгі болуға болар еді. Бірақ америкалықтар басқа жолды таңдап отыр. Қазіргі Америкада кедейлік пен қылмыс өршіп тұрса да, ол әлемдік аренада үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудыратын арандатушылықтарға барып отыр» дей келе, саясаткерге бұл қадамнан бас тарту керегін ескерткен. Ал қытайтанушы Леонид Ковачич бұл сапардың астарында жеке мүдденің жатқаны болуы мүмкін деп топшылайды. «Меніңше, бұл тұрғыда саяси мақсатты Нэнси Пелосидің өзі көздеп жүр. Себебі қарашада Конгресс сайлауы өтеді. Бүгінгі таңда демократтар саяси танымалдығынан айырылып бара жатқаннан кейін уақыт барда Пелоси өзіне қандай да бір саяси ұпай жинауға тырысып жатыр. Саясаткер ретінде ішкі аудиторияға сыртқы салада жақсы жұмыс істеп, Американың демократиясы мен демократиялық әлемнің құндылықтарын әлемде белсенді жүргізіп жатқанын көрсеткісі келеді. Сондықтан Байден Пентагонға қарата бұл сапардың өзі соншалықты жақсы идея емес екенін айтса да, Пелоси бұл таңдауын өз шешімі ретінде көрсеткісі келеді. Байден ықпал ете алмауы мүмкін. Ал Бейжің Байденмен келіспей Пелосидің Тайванға ұшуын түсінбейді. Проблема сонда. Өйткені Қытайда саяси жүйе тым басқа» дейді ол. Қазіргі уақытта Қытайдың АҚШ-қа қарсы қандай да бір әскери шара көре қоюы қиын сыңайлы. Қайткен күнде де, ресми Вашингтонның әскері анағұрлым қуатты. Ал материктік Қытайдың бұл саладағы қадамы алымды болғанымен, әлемдік қақтығыстарға жиі қатысып, ысылған жаһандағы жетекші әскерге қарсы тұра алар қауқары жоқ сыңайлы. Сарапшылардың пікірі де осыған саяды.
Нэнси Пелосидің сапарынан соң Қытайдың бас кеден басқармасы 3 тамыз күні мәлімдеме жасап, бұдан былай Тайваньнан цитрус жемістері, салқындатылған қылыш балық, мұздатылған скумбрия және басқа да өнімдердің импорты тоқтатылатынын хабарлаған. Негізгі себеп ретінде аталған өнімдерден зиянды заттардың табылуын көрсеткен. Қала берді Сауда министрлігі де 3 тамыз күні таңертең аралға табиғи құм экспортын тоқтатқанын жариялады. Бұдан бөлек, Тайваньның «Тайвань демократиясы қоры», «Халықаралық ынтымақтастық және даму қоры» және басқа да ұйымдарға санкция салынып, бұл ұйымдардың қытайлық кәсіпорындармен, заңды тұлғалар немесе басқа кез келген нысанда ынтымақтастық жасауына тыйым салынды. Сарапшылар мұндай шаралардың алдағы уақытта да күшейетінін болжайды.
Қазақстанға әсеріне келсек, жоғарыда атап өткен Тайваньның тәуелсіздігін мойындаған елдердің қатарына еліміз кірмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда сөйлеген сөзінде «Егер әр ұлт өз тәуелсіздігін өздері анықтайтын болса, әлемде 193 мемлекет емес, 500 немесе 600-ден аса ел болады. Әрине, бұл хаосқа алып келеді. Сондықтан біз Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз» деген еді. Жуырда ғана ҚР Сыртқы істер министрлігі де ресми мәлімдеме жасап, «Қазақстан Республикасы «Бір Қытай» қағидатын қолдайды және Тайваньды Қытай Халық Республикасы аумағының ажырамас бөлігі деп санайды. Қазақстан халықаралық құқықтың қолданыстағы нормаларын және Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын сақтауды, атап айтқанда осы мәселеде БҰҰ Бас Ассамблеясының 1971 жылғы №2758 қарарын ұстануды жақтайды» деді. Ал алда-жалда жағдай ушықса, мұның біздің экономикамызға тигізер зияны да орасан болмақ. Яғни, металл, мұнай мен газ экспорты кемуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін аймақтағы тұрақтылық қажет-ақ. Даулы сапардың салдары алдағы уақытта айқын сезіле бастауы мүмкін. Нэнси Пелоси дегенінен қайтпады. Ал арты жақсы болмайтынын ескерткен материктік Қытай әзірге санкциямен шектеліп отыр. Дегенмен жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Анығы уақыттың еншісінде…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.