БҰҒАУСЫЗ КЕТКЕН БАҒАҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ
Соңғы уақытта қоғамды базардағы бағаның күрт өсуі алаңдатып отыр. Бұрындары ай сайын көтерілетін баға бүгінде бірнеше күннің ішінде шарықтап шыға келетін болған. Мұның сан түрлі себебі де бар. Біріншіден, шетелдік тауарларға деген тәуелділіктен туады. Яғни әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалардың салдарынан логистикалық тізбек бұзылған. Бұрындары Ресейден келетін кей тауар түрлері енді Түркиядан тасымалданады. Сәйкесінше, жолға кеткен қаржы тауардың құнына қосылып шыға келеді. Тағы бір түйткілді мәселе – делдалдық. Яғни өндіруші мен сатушы арасында бір емес бірнеше делдалдың болуы бағаның жүгенсіз кетуіне сеп болуда.
Бағаны негізсіз көтеретіндердің де саны кемімей отыр. Бір аптада ел бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің 734 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті. «Соңғы аптада 40,3 мың дүкенге рейд жүргізілді. Нәтижесінде азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 734 дүкен анықталды. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбат бағамен сатқаны туралы деректер көбіне 278 фактімен Нұр-Сұлтан қаласы мен 80 фактімен Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Одан әрі Түркістан облысында – 38, Батыс Қазақстан облысында – 33, Қостанай және Маңғыстау облыстарында – 32, Жетісу облысында – 30 дүкен тауарға үстеме құн қосқан. Мұндай фактілер ең аз анықталғаны – Ұлытау облысында. Онда бағаны негізсіз көтергендер туралы 6 жағдай тіркелді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қосылған үстеме 15 пайыздан асса, онда 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеміз» делінген министрлік таратқан мәліметте.
Құзырлы орган рейд қорытындысы бойынша ішкі сауда субъектілеріне қатысты ескерту түрінде 126 әкімшілік хаттама толтырып, 1 айыппұл салған. Ал көпшілік сауда объектілері түсіндіру жұмыстарынан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын 5-15 пайызға дейін төмендеткен. Дегенмен бұл тексеріс жүрген дүкендерде ғана орын алған оқиға екенін ұмытпағанымыз абзал. Ал тексеру турасында ақпарат тараған сәттен бастап, сатушылардың бағаны реттеп қоятынын былайғы жұрт жазып та жүр. Демек шаралардың базардағы бағаны уақытша тұрақты етуге септігі тиюі мүмкін. Дегенмен алдағы уақытта тексеріс жұмыстары ұдайы ұйымдастырылмаса, жағдайдың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұғаусыз кеткен бағаны тұрақтандыру үшін тағы қандай шаралар атқарылып жатқаны әзірге белгісіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақтандыру қорларының бағаны реттеуге септігі аз болып жатқанын айтқан еді. Әйтсе де сол уақыттан бері нақты жұмыстың нәтижесін көре алмай келеміз…
Г.ТҰРҒЫНБЕК.