БИЫЛ 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Білім қоғамның барлық саласының қайнар көзі. Аталған саланың дамуы жалпы елдің алға жылжуына сеп болмақ. Сондықтан білімнің өркендеуі үшін барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Десе де мектептердегі орын таплығы мәселесі әлі де бар. Бүгінде бірнеше ауысымда оқып жатқан білім ордалары турасында да жиі ақпарат оқитын болдық. Дегенмен тиісті сала басшылары жұмыс істеп жатқан жоқ деген пікірден аулақпыз. Тиісті де жемісті жұмыстар атқарылып келе жатыр.
Оқырман қауымға белгілі болар, мемлекет басшысының өзі білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген болатын. Оның оннан бір үлесі бүгінде Шымкентке тиесілі болып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
«Тапсырмаға сәйкес, Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі» деді шаһар басшысы. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте 500 орындық оқушылар сарайының да құрылысы жүріп жатыр.
Жалпы Шымкент қаласында орын тапшылығын болдырмау мен мәселені шешу мақсатында бірнеше мектепте қосымша оқу ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Атқарылған жұмыстардың сапасы жергілікті әкімдіктің тікелей бақылауында екенін де айта кету керек. Жасыратыны жоқ, Шымкент демографиялық көрсеткіштері жоғары қала болғандықтан, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес. Десе де атқарылып жатқан жемісті жұмыстардың арқасында түйткілдердің түйіні ағытылып келеді.