ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС: ӘКІМДІК ҚАНДАЙ ШАРАНЫ ҚОЛҒА АЛДЫ?

Бүгінде базардағы бағаның бұғаусыз кеткені белгілі. Әлемде орын алған жағдайлардан кейін логистикалық тізбек үзілді. Нәтижесінде елімізге келетін тауардың өзіндік құны артты. Бұл әсіресе импортқа тікелей тәуелді салаларда айқын көріне бастады. Сәйкесінше, елімізде шетелдің тауарына деген тәуелділіктен құтылудың жолдары қарастырылып келеді жатыр.

Мәселен, Шымкентте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтты. Қазіргі уақытта аумағы 133 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Ал жалпы осы аймаққа 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтпек.
Бұдан бөлек, бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 тарату орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Ал әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілген. Қорыта айтқанда, баға бақылауда. Қымбатшылықпен күресте отандық өнімнің әлеуетін арттыру бағытына айрықша назар аударылып отыр.