ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?

Шымкент қаласына жақында қосылған шағынаудандар мен елді мекендердің мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе инженерлік инфрақұрылыммен қамту түйткілдері бар. Десе де қолға алынған шаруа көп. Мәселен, үшінші мегаполистегі электр желісі мен көгілдір отын мәселесі 2025 жылы толық шешімін табады.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Қала әкімі шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасында инфрақұрылым жүйесімен қамту жұмыстарының барысына тоқталып өтті. Қазіргі уақытта үшінші мегаполисте иенженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр. «Бозарық» қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, электр қуаты мен табиғи газ тапшылығы шешілді.
«Бүгінде 8 елді мекенде электр энергиясы, 31 елді мекенде табиғи газдың сапасы жөнінде мәселелер бар. Биыл сапалы электрмен қамтуда 16, табиғи газ жүйесі бойынша 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде сапалы электрмен қамту көрсеткіші 99 пайызға, табиғи газбен қамту 94,7 %-ға өседі. Жалпы 2023 жылы ауыз сумен қамту, 2025 жылы электр қуаты және табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалады» деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Ал қаладағы кәріз жүйесіне келсек, биыл 19 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Толық жүзеге асса, кәрізбен қамту көрсеткіші 54 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғаяды.