КӘСІПКЕРГЕ КӨРСЕТІЛЕР ҚОЛДАУ КӨП

Мемлекеттік алға жылжуы мен экономиканың өркендеуі шағын және орта бизнеспен тікелей байланысты. Сондықтан елімізде аталған салаға серпін берер бастамалар жайы қашан да назардан тыс қалған емес. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгелетіп жатқан жандардың қатары уақыт өткен сайын қалыңдап барады. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың септігі тиіп жатқаны да белгілі.

Мәселен, Шымкентте мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетіліп келе жатыр. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1830 жобаға қолдау көрсетілген. Бұл турасында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылды» деп атап өтті.
Шаһар басшысының сөзінше, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатыр. Онда 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген. Осының нәтижесінде кәсіпкерлік саланың тамырына қан жүгіріп, жаңа жұмыс орындары ашылып келе жатыр.