ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН

Жаз – құрылыс қарқыны артатын мезгіл. Қыстың қамына кіріскен қалалық әкімдік шаһарға қарасты шағынаудандарда атқарылып жатқан жұмыстарды ұдайы бақылап келеді. Сондай түйткілді аймақтың бірі – Асар-2 Мұндағы сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапқан еді. Алайда мұнда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар.

 

Сондықтан дәл осы қамтылмай қалған жерлерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аталған аумақтағы ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылуда. Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Асар-2 ықшамауданында кәріз құрылысы да қарқын алған. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылып отыр. Нысан келер жылы қолданысқа берілмек.
Бұдан бөлек, бүгінгі таңда Сәуле шағынауданындағы 276 орамда да ауқымды істер қолға алынған. Жалпы мұнда инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүруде. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Жоспар бойынша ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылады. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалған. Шілде айында қолданысқа беріледі. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік тумақ. Ал көгілдір отынмен қамту жұмыстары шілде айында басталды. Жалпы газ жүйелерінің ұзындығы 28 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде.