ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тізгінұстары. Ал балаларына барлық жағдай жасаған елдің келешегі кемел, бағыты түзу болмақ. Сөз жоқ, елімізде аталған салада қолға алынып жатқан шаруа аз емес. Бүгінде жер-жерде балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылып, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жағдай жасалуда.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай шағынауданына барып, өңірде орнатылып жатқан балалар ойын алаңшасының құрылысымен танысты. Нақтырағы, шаһар басшысы Қарнақ көшесінде орналасқан ойын алаңшасында болды. Бұл жердегі балалар алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындардың ұсынысымен салынып жатыр. Алаңды абаттандыру жұмысы мамырдың соңында басталған еді. Қазір ойын элементтерін орналастыру жұмысы жүріп жатыр. Нысанды мердігер мекеме жуырда қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері қойылады.
Алаңша тұрғындардың серуендеуіне және дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік береді. Спорт элементтерімен бірге, балаларға да арналған құрылғылар орнатылуда. Жоғарыда аталған алаңшалардағы ойын және спорт құрылғылары Шымкент қаласында өндірілген. Жалпы Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спорт алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне беріледі. Мұның өзі қала тұрғындарының жан-жақты дамуына, бұқаралық спорттың әрі қарай өркендеуіне жол ашпақ.